Елордада 29 мың учаске түгендеуге жатады

Бұл туралы бүгін «Жер ресурстарын тиімді басқарудың негізі мәселелері» тақырыбында өткен семинар-кеңес барысында ҚР Жер ресурстарын басқару агенттігінің төрағасы Қадырхан Отаров мәлім етті.
Оның атап өтуінше, жеке тұрғын үй құрылысына берген жерлерді түгендеу жұмыстарының үйлестірушісі агенттік, ал орындаушысы әкімдік пен агенттіктің құрылымдық бөлімшелері болып табылады. «Барлық әкімдіктермен түгендеу жұмыстары басталды. Әкімдіктің мәліметтері бойынша, Астана қаласында берілген учаскелердің жалпы саны 29 мың. Оның барлығы да түгендеуге жатады», - деді ол.
Қ.Отаровтың пайымынша, мұндай жұмыстар жыл сайын жүргізілмейтіндіктен оны жүзеге асыруға барынша жауапкершілікпен қарау керек. Бұл ретте түгендеу жұмыстарын реттеу үшін агенттік 6 қадамдық ұсыныс әзірлеген. «Толықтай алғанда аталған жұмыстарды республика бойынша 2012 жылдың 1 маусымында аяқтау қажеттігі белгіленген», - деді агенттік басшысы.