Елордада 3000-нан аса мүлік заңдастырылды

Бұл туралы Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Осы күнге дейін Астанада жалпы сомасы 12 867 188 мың теңгені құрайтын 3024 нысан заңдастырылды.
2015 жылдың 3 қыркүйегіндегі есеп бойынша ҚР аумағындағы мүлікті заңдастыру туралы Астана қ. жергілікті атқарушы органдары жанындағы комиссияға жалпы сомасы 51 518 387 мың теңгені құрайтын мүлікті заңдастыру бойынша 3369 өтініш келіп түскен: 29 983 604 мың теңгенің 4268 тұрғын үй нысаны; 21 076 835 мың теңгенің 4638 тұрғын емес нысаны, соның ішінде, 15 816 122,30 мың теңге сомасындағы 521 коммерциялық нысан; 457 949 мың теңге сомасындағы 5 заңды тұлғаға қатысу үлесі заңдастырылды.
Шетелдегі мүлікті заңдастыруға қатысты Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер департаментіне бірде бір өтініш түспеді.
Мүлік пен капиталды жария ету науқаны ел азаматтары үшін де, Қазақстан экономикасы үшін де тиімді. Жария етудің маңызды ерекшеліктерінің бірі - ақшаны заңдастыру табыс болып саналмайтындықтан одан салық алынбайды. Астана қаласы бойынша мемлекеттік кірістер Департаменті қызметкерлерінің айтуынша, қаражатын заңдастыру құқығын пайдаланған азаматтар заңдастыратын ақшасының 10 пайызын үнемдеп қалуға мүмкіндік алады.