Елордада 5 мыңнан астам нысан заңдастырылды
АСТАНА. ҚазАқпарат - Астана қаласында 5 385 нысан заңдастырылды, деп хабарлайды қаланың ресми сайты.
Астана қаласы мемлекеттік кірістер департаментінің мәліметінше, қазіргі кезде елордада жалпы құны 21,2 млрд теңгенің 5 385 нысаны, сондай-ақ, жалпы сомасы 122,2 млрд теңгенің қаржысы заңдастырылды.
Жалпы алғанда, жергілікті атқарушы органдар жанындағы комиссияларға елміздің аумағында орналасқан мүлікті заңдастыру бойынша жалпы құны 76,2 млрд теңгенің 5 775 өтініші келіп түскен.
Астана қаласының мемлекеттік кірістер департаментіне алым төлеместен екінші деңгейлі банкте ашылған ағымдық шотқа ақша салу арқылы ақша қаражатын заңдастыру бойынша жалпы сомасы 122,2 млрд теңгенің 45 арнайы декларациясы ұсынылған.
Елордалық қаржы қызметкерлері азаматтарды мүлікті, ақша қаражатын заңдастыруға белсенді қатысуға шақырады. Ақшаны және бағалы қағаздарды заңдастыру үшін Астана қаласының мемлекеттік кірістер органдарына, ал рәсімделмеген жылжымайтын мүлікті заңдастырғанда әкімдіктер жанындағы комиссияларға жүгіну керек. Құжаттар бір айдың ішінде өңделеді және шешім шығарылады. Содан кейін тізілімге енгізіледі және мүлікті тіркеу жүргізіледі.