Елордада адамдардың әл-ауқатын арттыру үшін инновациялық жобалар жүзеге асырылуда
АСТАНА. 23 қаңтар. ҚазАқпарат - 2013 жылы «Smart Astana» тұжырымын және «ЭКСПО-2017» Халықаралық көрмесі тақырыбына сәйкес жобаларды жүзеге асыру үшін жаңа технологияларды тарту жұмыстарын жалғастыру жоспарлануда.
Бұл туралы Астана қаласының ресми сайты «Астана - Жаңа қала» арнайы экономикалық аймағына әкімшілік ету басқармасына сілтеме жасап хабарлады.
Бүгінгі күні елордада «Smart Astana» тұжырымдамасы аясында инновациялық бағытта бірқатар іс-шаралар жүзеге асырылуда.
Атап айтқанда, өткен жылы 2011 - 2012 жылдары мақұлданған 8 жоба іске қосылды:
1. «Smart-лифт» ілкі жобасы - Интернет арналар бойынша онлайн режимінде қалалық лифтілердің жұмысын бақылайтын бірыңғай диспетчерлік пункттер құруды қарастырады. Қазіргі уақытта жүйеге 68 лифт қосылған.
2. «Medkarta.org» инновациялық медициналық порталын құрып, дамыту» жобасы. Аталған жоба ауқымында электронды медициналық картаға денсаулық жағдайы мен онлайн консультация енгізу мүмкіндігін қарастыратын тұрғындар үшін медициналық портал іске қосылды.
3. «Отандық аспап, жабдықтар кешені мен халықаралық стандарттар талаптарына сәйкес бағдарламалық қамтуды көздейтін биік және бірегей ғимараттар мен имараттардың жағдайына мониторинг жүргізу жүйесін әзірлеу» жобасы. Жоба биік ғимараттардың техникалық жағдайын бақылайтын отандық аспаптар жасауды қарастырады.
4. «Автоматтандырылған фармацевт» жобасы - дәріхана роботын жасау, оның тәжірибелік үлгісі «Цветная» дәріхана желісінде орналастырылған.
5. «Веста Плюс» СЫЖТ - қызуы жоғары су ысытатын пеш негізінде когенераторлы қондырғыны және Стирлинг қозғалтқышын салу» жобасы.
Жоба бойынша электр қуатын өндіру үшін «Веста Плюс» СЫЖТ және Стирлинг қозғалтқышын біріктіретін тәжірибелік пеш салу көзделген. Қазіргі кезде, пештің тәжірибелік үлгісін орнату бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр.
6. Ауаға СО2 азотты барынша аз бөлетін және дәстүрлі емес қуат көздерін пайдалану есебінен, қуат үнемдейтін экологиялық таза жеке тұрғын үйлер салу» жобасы. Бүгінгі күні, біздің климаттық жағдайларда қуат үнемдейтін үйлерді салуға мүмкіндік беретін техникалық және эскиздік құжаттама әзірленген. Таяу уақытта, үйдің тәжірибелік үлгісін салу жоспарланып отыр.
7. «Қазақстандық жарық диодтық қуат үнемдейтін кеңсе шамы өндірісі» жобасы. Жоба аясында жарық диодтық шамдарды жинау бойынша автоматтандырылған желі құрылған.
8. «FlyFarm» жобасында құс фабрикалары мен балық шаруашылықтарына шыбын дернәсілдерінен азық өндіру көзделген. Құс фабрикалары бұл технологияны франшизалар аясында пайдалана алады.
Бұған қоса, 2012 жылы «Астана қалалық жарық» «Smart Led» ЖШС-мен бірлесіп көшелерді жарықтандыратын шамдарды жарық диодтық шамдарға кешенді ауыстыруды және оларды басқару жүйесін орнатуды ескеретін ілкі жоба іске асырылды.