Елордада әл-Фараби орталығы ашылды

НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат - Елордадағы Оқушылар сарайында әл-Фараби орталығы ашылды. Салтанатты шараға қоғам қайраткерлері, ғалымдар және сарай қызметкерлері қатысты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
None

«Әл-Фараби орталығының негізгі мақсаты - бүгінгі жас ұрпаққа әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фараби бабамыздың соңында қалған мол мұрасын, ғылымдағы мұрасын, тәрбие, музыка салаларындағы барлық еңбектерін жинақтап, оқушыларға түсіндіріп жеткізу. Абай бабамыз «Болмасаң да ұқсап бақ, бір жақсыны көрсеңіз» деп айтқанындай, әл-Фараби бабамыздың әрбір жақсы қасиетін балалардың бойынан көргіміз келеді. Шынында да ол адам таңғалатын, осындай да мүмкіндік адам баласында болады екен-ау деп таңдай қағатын тұлға», - деді салтанатты шарада сөз сөйлеген әл-Фараби атындағы Оқушылар сарайының директоры Ербол Іргебай.

Ал Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің проректоры, филилолгия ғылымдарының докторы Дихан Қамзабекұлы әл-Фараби мұрасын елімде насихаттау жұмыстарының бастауына кімдер болды деген мәселе төңірегінде зерттеу жүргізу қажеттігін айтады.

«Естеріңізде болса, әл-Фараби туралы Мағжанның өлеңдеріне де бар. Екінші Ағжан Машани деген кісі болған. Маркшейдер мамандығын иеленген ол Алматыдағы политехикалық институтта көп жыл сабақ берген. Сол кісі Қаныш Сәтбаевпен келісе отырып. 50-60-шы жылдары әл-Фараби мұрасын жинаған. Ғұламаның жатқан жеріне барып, құран оқыған. Міне осындай тұлғаларымыз жайында да білуіміз қажет»,- деді ол.

Жазушы, фарабитанушы әл-Фараби туралы «Ғұлама ғұмыр» драмасының авторы Жолтай Әлмашұлы ғұлама ғалымның қазақ халқы үшін ерекше болатын екі қырына тоқталды.

«Біріншісі - Әбу-Насыр әл-Фараби әлем мойындаған, әлемдегі екінші ұстаз деген атқа ие болған ғұлама ғалым. Бүкіл ғылыми орта, зиялы қауым Аристотельден кейін екінші ұстаз деп қабылдаған шығар. Ал біз үшін ше? Орта Азия, Қазақстан үшін Әбу-Насыр әл-Фараби қай уақытта да бірінші ұстаз болып қалуы керек. Екіншіден, биыл біз Әбу-Насыр әл-Фарабидің 1150 жылдығымен қоса, хәкім Абайдың 175 жылдығын тойлап жатырмыз. Осы орайда Абайдың ұстазы кім дегенде мүдіре беретін едік. Енді қазір біз емін-еркін Абайдың ұстазы Әбу-Насыр әл-Фараби деп айтуға хақылымыз деп ойлаймын. Мағжани деген ғұлама болған. Ол әл-Фараби еңбектерімен жақсы таныс болған. Оның шәкірттері Семейге келіп, дәріс берген. Сол шәкірттерден Абай дәріс алған. Демек, Абай өз заманында Әбу-Насыр әл-Фарабиді таныды, білді, еңбектерімен таныс болды деп айта аламыз», - деген қаламгер орталыққа өзінің «Ғұлама ғұмыр» кітабын тарту өтті.

Айта кетерлігі, осы шара аясында Оқушылар сарайында Әбу-Насыр әл-Фарабидің кеуде мүсінінің ашылу салтанаты да өтті. Ғұлама ғалымның кеуде мүсінін Нұр-Сұлтан қалалық суретшілер одағының басқарма төрағасының орынбасары Бақытжан Әріпов жасаған.


Соңғы жаңалықтар