14:04, 04 Қараша 2021 | GMT +5
Елордада әл-Фарабиге ескерткіш қойылады
НҰР-СҰЛТАН. ҚазАқпарат – Нұр-Сұлтан қаласында әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу-Насыр әл-Фарабидің құрметіне ескерткіш қойылмақ, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Көрнекті тұлғаға қойылатын ескерткішке қатысты әңгіме елорданың қалалық мәслихат жанындағы қоғамдық кеңес отырысында айтылды.
«2019 жылы Президент Әкімшілігінен елордада әл-Фараби, Құрманғазы, Ж. Тәшенов және тағы басқа тұлғаларға ескерткіш қою тапсырмасы берілді. Өткен жылы пандемияға байланысты әл-Фарабиге ескерткіш орнату кейінгі шегерілді. Қазір ескерткіш дайындалып жатыр. Жалпы биыл Ж. Тәшенов пен Т. Бигелдиновке ескерткіш қоюға қаржы бөлінді», - деді Нұр-Сұлтан қаласының Стратегиялық және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Қайсар Маңқараев.
Еске сала кетсек, өткен жылы елордадағы Оқушылар сарайында әл-Фараби орталығы ашылған еді.
Сондай-ақ, аталған Оқушылар сарайына әл-Фараби атауы берілді.