Елордада «Алтын сапа» байқауының өңірлік сыны өтуде
АСТАНА. Қыркүйектің 2-сі. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Елордадағы «Жастар» сарайында «Астананың үздік тауары - 2010» өңірлік байқауы өтуде, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Астана қаласының Кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының міндетін атқарушы Рыскүл Қалдыбаеваның айтуынша, байқауға қаланың 23 тауар шығарушылары мен кәсіпорындары қатысуда. Шара барысында «Өндірістік мақсаттағы ең үздік тауар», «Халық тұтынатын үздік тауар» және «Үздік азық-түлік тауары» аталымдары бойынша бетке ұстар компаниялардың өнімдері анықталатын болады.
Бұдан кейін елордалық жеңімпаздар республикалық «Алтын сапа» көрме-байқауына жолдама алып, ҚР Президентінің «Сапа саласындағы жетістігі үшін» сыйлығы үшін бақ сынасады.
«Барлық облыстарда, қалаларда өтіп жатқан өңірлік байқауларға өз өнімдерін ұсынатындардың саны 25-тен аспайды. Сондықтан Астана үшін 23 қатысушы аз емес. Елордада 70-ке тарта орта және ірі өнеркәсіп тауарларын шығарушылар тіркелген. Ал шағын және орта кәсіп иелерінің саны шамамен 77 мыңға жуықтайды. Оның 60 пайызы қызмет көрсету және сауда-саттықпен айналысатын субъектілер», дейді Р. Қалдыбаева.