Елордада «Astana Motorsports» командасының экипаждары таныстырылды
Трансконтиненталдық ралли-марафонға қатысып жатқан «Astana Motorsports» командасының экипаждарын таныстыру шарасына елорда әкімі Әсет Исекешев пен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ басқарушы директоры, «Астана» Президенттік спорт клубының қамқоршылар кеңесінің төрағасы Дархан Қалетаев қатысты. Салтанатты шара «Бәйтерек» монументінің алдындағы алаңда өтті.
Жарысқа қатысушылар Қостанайдан келе жатыр, енді Балқаш және Алматы қалаларына барады. Еске салайық, «Жібек жолы» ралли-марафоны 9 шілдеде Мәскеуде Қызыл алаңнан басталды.
- Қазіргі кезде біздің команда бағындырмаған тек Гоби шөлі ғана қалды. Бүкіл автоспорт бұл құмнан қорқады. Онда баратындар аз, ал барғандар бірден ғашық болады. Біз бұл спортты ұнатамыз, және жарыстың осы кезеңін асыға күтеміз. Нақ осы жерде кесте түбегейлі өзгереді. Жолымыз болатынына үміттенеміз, - деді «Astana Motorsports» командасының капитаны, «Дакар-2012» қол жүлдегері Артур Ардавичус.
Ралли-марафонға қатысушылар «Ақ жолбарыс» үшін күресуге дайын екендіктерін атап өтті, жеңімпазға осы жануардың мүсіні табысталады.
Жарыс 24 шілдеде Бейжіңде мәреге жетеді.