Елордада Astana Piano Passion төртінші жас пианисттер байқауы өтті
Қазақстан Республикасының президенті Қазақстан халқына жолдауында: «Барша қазақстандық мәдениеттің дамуына жаңа серпін беру керек», - деген болатын. Классикалық фестиваль әрбір қазақстандықтар үшін фортепианолық өнердің әлемдік жұлдыздарының концерттерін өткізуге мүмкіндік береді. Ал жас пианисттер байқауы Қазақстанның жас дарындыларын тәрбиелеп өсіреді және жастарды музыкамен айналысуға тартады.
Сонымен қатар, «Астана Опера» мемлекеттік опера және балет театрының салтанатты ашылуында Елбасы: «Зауыттар мен жолдар салатын ел, берік тірегін болашақ жылдар бойына орнатады. Мектептер мен аурухана салатын ел, ұлт болашағының ондаған жылдар бойғы қамын жейді. Театр тұрғызатын ел, ғасырлар арқылы болашағына көз тігеді», - деген еді.
«Astana Piano Passion» Төртінші Халықаралық жас пианисттер байқауының мақсаты - өскелең ұрпақтың рухани тәрбиесінің маңызды бөлігі ретінде, классикалық фортепиано музыкасын насихаттау, жас музыканттарға шығармашылық жолды бағындыруда алғашқы баспалдақтан бастап қолдау көрсету.
Естеріңізге сала кетейік, Астанада сәуірдің 22-28 аралығында «Astana Piano Passion» Халықаралық жас пианистер байқауы өткен болатын. Ағымдағы жылы конкурсқа 28 елден өтініштер түскен. Конкурстық іріктеуге 139 бала қатысты. Міне, осымен төртінші рет Қазақстан астанасында ең үздік әлемдік дәрежедегі музыканттар кездесуде. Фестиваль аясында Қазақстанның түкпір-түкпірінен келген балалар, әлемге танымал пианистер мен АҚШ, Ұлыбритания, Польша мен Ресейдің ең үздік ЖОО ұстаздарынан тегін шеберлік сабақтар ала алды. Нақтырақ айта кетсек, еліміздің жас музыканттары мен олардың ұстаздары үшін Ванесса Латарш (Ұлыбритания), Петр Полечный (Польша), Станислав Юденич (АҚШ) сияқты ең үздік педагогтардың бірегей шеберлік сабақтары ұйымдастырылды.
Сонымен қатар, беделді халықаралық қазылар алқасы құрамына кіретін әлемдік атаққа ие пианистер, айтулы халықаралық байқаулардың музыкалық продюссерлері қатысушылардың өнерін бағалады. Байқауға қойылған талап бойынша, олардың жасы - 18 жасқа дейін, қатысу тегін.
Осы жылдары фестивальдің қонақтары Ресей, Украина, Швеция, Польша, Грузия, Франция, АҚШ, Ирландия, Бразилия, Израиль, Ұлыбритания, Швейцария елдерінің атақты музыканттары болды.
Сонымен қатар, Астана қаласының тұрғындары мен қонақтары алдыңғы байқау лауреаттарының өнерін тамашалай алды. Дәстүр бойынша, фестивальдің Ашылу салтанаты мен Гала концертінде өзінің асқан шеберлігімен Маэстро Денис Мацуев халықты қуантты. Оның «Астана Опера» театрының симфониялық оркестрімен бірге таңғажайып орындауында, Дж. Гершвиннің «Рапсодии в стиле блюз» шығармасы шырқалды. Музыканттар Андрей Иванов (контрабас) және Александр Зингер (ұрмалы аспаптар) маэстромен бірге керемет өнер көрсетті. Дирижері - Абзал Мұхитдинов, байқаудың дирижері - ҚР еңбек сіңірген қайраткері Ержан Дәуітов.
Еске сала кетейік, байқаудың жалпы жүлде қоры - 60 000 АҚШ доллары. Байқауды ұйымдастырушылар - ҚР Мәдениет министрлігі мен Астана қаласының әкімдігі, Мәскеу филармониясы және Ресейдің Халық әртісі Денис Мацуевтің қолдауымен «Accordi di Astana» Қоғамдық қоры.