Елордада «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Гастрофестивальді ұйымдастырушылар халқымыздың дәстүрлі тағам мәдениетін, соның ішінде қымыз өндіру дәстүрін жаңғыртып, халықаралық деңгейге ілгерілету мақсатын көздеп отыр.

қымыз фестивалі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Бүгін елордадағы «Қазанат» ипподромында елімізде алғаш рет «BaiQymyz — бапталған қымыз ұлттық тағамдар гастрофестивалі» атты ірі көлемдегі мәдени-аграрлық іс-шара басталды.

қымыз фестивалі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Екі күн бойы өтетін шараға 50-60 мың адам келеді деп күтіледі. Байқауға әр өңірден 50-ден астам қымыз өндіруші қатысып жатыр.

ұлттық киім, домбыра
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Ұйымдастырушылар фестивальді Октоберфест сияқты халықаралық үлгідегі мәдени-аграрлық брендке айналдыруды көздеп отыр.

қымыз
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қонақтар екі күн бойы түрлі қымыздан дәм татып, жылқы көрмесін тамашалап, этно-мәдени бағдарламаларды тамашалай алады.

киіз үй
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

— Бүгін бізде қымыз мерекесі. Бұл ұлттық тағам мен дәстүрге құрмет, әр дастарқанда қымыз болу керек, бүгінгі фестиваль қымызды насихаттау мақсатында ұйымдастырылып отыр. Қымыз жарысынан бөлек, мәдени іс-шаралар өтіп жатыр. Астана тұрғындары мен қонақтары, шетелден келген туристер ұлттық сусынның дәмін татып, өзіне ұнаған қымызға дауыс бере алады, — деді «BaiQymyz» ұлттық тағамдар гастрофестивалі идеясының авторы, ұйымдастырушы Жұмажан Қалтаев. 

қымыз
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Сондай-ақ қымыз өндірушілер «Ең үздік қымыз» атағы үшін таласады. Жүлде қоры — 45 миллион теңге (I орын — 20 млн теңге, II орын — 15 млн теңге, III орын — 10 млн теңге).

Байқаудың мақсаты — еліміздегі ең сапалы әрі шипалы қымызды анықтау. Негізгі мақсат — қымызды денсаулық пен қонақжайлықтың символы ретінде таныту, сонымен қатар агротуризм мен жылқы шаруашылығын дамытуға серпін беру.

қымыз фестивалі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Фестиваль аясында өтетін жылқы көрмесінде қазақтың байырғы тұқымдары — Жабы, Көшім, Қостанай, Мұғалжар, Адай және спорттық бағыттағы аттар көпшілік назарына ұсынылды.

Қолөнер шеберлері ер-тоқым, қамшы, ат әбзелдері сияқты тарихи бұйымдарын көрсетіп жатыр. Сол сияқты келушілердің бұйымдарды сатып алу мүмкіндігі бар. Көрменің басты ерекшелігі — бірегей бұйымдар мен жылқы аукционы.

киіз үй
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Одан бөлек, фестиваль аясында ғылыми конференция ұйымдастырылған. Ол жерде қымыздың емдік қасиеттері, жылқы шаруашылығы мен дәстүрлі мал шаруашылығының даму болашағы талқыланып жатыр. Ғылыми конференцияда Германия, Ресей, Қырғызстаннан келген ғалымдар, дәрігерлер, ветеринарлар мен кәсіпкерлер баяндама жасап жатыр.

қымыздың пайдасы
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Қатысушылар арасында неміс жылқы шаруашылығы маманы Ханс Цольман, медицина ғылымдарының докторы Бақытжан Биімбетов, этнограф Айгерім Мұсағажинова және басқа да сарапшылар бар.

Шеберлік сабақтар барысында қатысушыларға қымыз дайындау, сақтау, ашыту, сондай-ақ оны капсула түрінде өндірудің заманауи әдістері таныстырылып жатыр. Сонымен қатар, тері илеу, ат әбзелдері мен тұрмыстық бұйымдарды жасау бойынша да қолөнер шеберлері білгенін үйретеді.

Сондай-ақ, бағдарлама шеңберінде аударыспақ, жылқы үйрету, құмай тазы сайысы, шалма салу сынды ұлттық спорт түрлерінен жарыс өтіп жатыр. Сол сияқты мешкейлер сайысы мен жілік сындыру секілді ерекше шаралар фестиваль көрігін қыздырмақ. 

қымыз фестивалі
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Айта кетейік, ең үздік қымызды анықтау 4 критерий бойынша бағаланады. Соның бірі — халық дауысы, яғни кез келген адам QR код арқылы үздік қымызды таңдай алады.

ұлттық киім, қазақша киім, қазақ қыздары
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

QR арқылы халықтың дауыс беруі:

2025 жыл 19 шілде: 
Сағат 11:30 — 21-00

2025 жыл 20 шілде 
Сағат 10:00 — 15:00.

қымыз
Фото: Солтан Жексенбеков/ Kazinform

Биыл маусымда Бозоқ қорық-музейінде «Қымызмұрындық» фестивалі өткен еді

Соңғы жаңалықтар