Елордада балалар шығармашылығының алғашқы инклюзивтік фестивалі өтуде

АСТАНА. 14 ақпан. ҚазАқпарат - Бүгін елордада балалар шығармашылығының алғашқы инклюзивтік «Өзгерістер желі» фестивалі өтуде. Аталған фестивальдің бірегейлігі сонда - ол дені сау балалар мен мүмкіндігі шектеулі балалар шығармашылығын біріктіреді.
None
None

Елорданың ресми сайтының жазуынша, іс-шараға балабақшалардан, жалпы білім беретін мектептерден, республиканың түрлі қалаларындағы мамандандырылған интернаттар мен оңалту орталықтарынан барлығы 380 бала қатысуда. Ұйымдастырушысы - «ОкеанАрт» арт-терапия шығармашылық орталығы.

Орталықтың бас директоры Гүлмира Татенованың айтуынша, фестивальді өткізудегі негізгі мақсат - мүмкіндігі шектеулі балалар мен олардың қатарластарын біріктіретін инклюзивтік шығармашылық кеңістік қалыптастыру. Бұл олардың шығармашылық қарым-қабілеттерін жетілдіріп, қоғамда өз бетінше өмір сүруге дайындайтын мүмкіндіктер болуы қажет.

«Инклюзив - бұл тек науқас балалардың дені сау балалар оқитын мектепте оқуы емес, ол түрлі әлеуметтік топтағы тілі, мәдениеті, танымы бөлек жандардың белгілі бір ортада ортақ тіл тауып, өзара араласуы.

Біздің бүгінгі іс-шараның негізгі идеясы - бұл адамдар арасындағы өзара қарым-қатынасты, олардың бір-біріне керектігін және бір-біріне деген қызығушылығы артқандығын көрсету», - деді ол.

Фестивальдің концерттік бағдарламасы да ауқымды. Оған вокалдық, хореографиялық нөмірлер, әдеби шығарма, шағын театрлық қойылым, тіпті мюзикл үзінділері енгізіліпті.

Ұйымдастырушылар хабарлағанындай, фестиваль соңында өнер көрсеткен барлық қатысушыларға бірдей сыйлықтар мен дипломдар беріледі. «Мұнда балалар тек байқау үшін ғана келген жоқ, жеңіске жету үшін, бір-бірімен араласып, көңіл көтеру үшін келді ғой. Сондықтан біз осы мерекеде балалар барынша шаттыққа бөленсін деп шештік», - дейді олар.

Соңғы жаңалықтар