Елордада балалар шығармашылығының «Балбөбек» 5-ші қалалық байқауы басталды

АСТАНА. Қазанның 26-сы. ҚазАқпарат /Марлан Жиембай/ - Бүгін Астана қалалық әкімдігінің қолдауымен «Жастар» сарайында балалар шығармашылығының «Балбөбек» 5-ші ашық қалалық байқауы басталды, 

Елордада балалар шығармашылығының «Балбөбек» 5-ші қалалық байқауы басталды

деп хабарлайды ҚазАқпарат.

  Ашылу салтанатында сөз сөйлеген Астана қалалық мәдениет басқармасының бастығы Еркебұлан Ағымбаев ағымдағы жылы 5-ші рет өткізіліп отырған байқаудың ең талантты, ең дарынды жеңімпазына елорда әкімі И.Тасмағамбетовтің атынан кубок берілетіндігін атап өтті.  Сонымен қатар ол жас өнерпаздарға шығармашылық табыс тілеп, олардың болашақта әлемге танымал жұлдыз болуларына ниетті екендігін жеткізді.  

  Республиканың барлық өңірінен елордада бас қосқан жас өнерпаздар «хореография» және «эстрадалық вокал» номинациялары бойынша бақ сынайды.  Байқау 5-10 және 10-14 жас категориялары бойынша өтеді. Олар қазанның 26-сы мен 27-сі күні түске дейін эстрадалық вокал номинациясы бойынша өнер көрсетсе, 27-сі күні түстен кейін және 28-і күні хореографиядан сайысқа түседі.

  Сонымен байқаудың бас жүлдесін иеленген өренге Астана қаласы әкімінің кубогы мен 50000 теңге ақшалай сыйлық берілсе, 1-2-3-ші жүлделі орындарға табан тіреген жас өнерпаздар тиісінше 40, 30, 20 мың теңге көлемінде ақшалай сыйлықпен марапатталады.

 Байқауға Қазақстанға танымал өнер жұлдыздарынан құралған қазылар алқасы төрелік жасайды.