Елордада биыл жеті ірі абаттандыру жобасы жүзеге асырылады

АСТАНА. KAZINFORM — Астанада биыл жеті ірі абаттандыру жобасын жүзеге асыру жоспарланған. Бұл туралы Астана қаласы Қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасының басшысы Дәулет Досқұлов Қоғамдық кеңес отырысында мәлім етті.

Касым-Жомарт Токаев осмотрел бульвар Greenline в районе «Нура»
Фото: Ақорда

Оның айтуынша, қазір Мәншүк аллеясының бірінші кезеңінің құрылысы аяқталуға жақын.

— Greenline аллеясының екінші кезеңінде де құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Бұл аумаққа 2 мыңнан астам ағаш отырғызылды. Вокзал маңындағы саябақта да құрылыс пен көгалдандыру жұмыстары жалғасып жатыр, — деді Дәулет Досқұлов.

Ол биыл Кіші Талдыкөлдің бесінші учаскесінде экопарк жобасын іске асыру басталғанын айтты.

— Бұл аумақта 3 мыңнан астам ірі ағаш пен 100 мыңнан астам көпжылдық гүл отырғызу жоспарланған. Сонымен қатар Қалдаяқов көшесін көгалдандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ Бейбітшілік және келісім саябағын абаттандырудың екінші кезеңі жүзеге асырылады, онда шамамен 3 мың ағаш отырғызу көзделген, — деді басқарма басшысы.

Еске салайық, бұған дейін Астана әкімдігі биыл елорданың бірнеше ауданында жаңа саябақтар мен қоғамдық кеңістіктер салынатынын мәлімдеген еді.