Елордада Бірыңғай диспетчерлік қызмет пайда болуы мүмкін
АСТАНА. ҚазАқпарат - Алдағы уақытта Астанада «911»-ге ұқсас бірыңғай диспетчерлік қызмет пайда болуы мүмкін, деп хабарлайды astana.kz.
Астана қаласының әкімі Иманғали Тасмағамбетов Қазақстан Республикасының Заңдылықты, құқықтық тәртіпті және қылмыспен күресті қамтамасыз ету жөніндегі Үйлестіру кеңесінің отырысында елордадағы құқықтық тәртіп пен қауіпсіздікке қатысты мәселелер жүйелі деңгейде шешілуі тиіс деген пікір білдірген.
Оның айтуынша, «Астана қаласының тіршілік қызметін кешенді қамтамасыз ету жүйесі» аса маңызды және перспективті жоба болып табылады. Наурыз айына қарай жобаның қанатқақты бөлігі аяқталады және тестілік сынақтарды ескере отырып, кемшліктер жойылып, жоба шаһарда толық көлемде іске асырыла бастайды. Осы орайда, аталған жоба аясында елордада бірыңғай диспетчерлік қызмет пайда болуы мүмкін.
«Жоба аясында 911 сияқты бірыңғай диспетчерлік қызмет құру және қала бойынша бейне талдау функциялары бар 30 мыңға жуық желілік бейнекамера орнату, проблемалық учаскелер көрсетілген қаланың электронды картасын әзірлеу көзделген», - деді И.Тасмағамбетов өз сөзінде.
Елорда басшысының айтуынша, Астана еліміздің бас қаласы болғандықтан, мұнда адамдар барлық жерде өздерінің, балаларының, отбасыларының қауіпсіздікте екенін сезінуі тиіс.