Елордада БҰҰ Өркениеттер альянсы діни нысандарды қорғау мәселесін талқылап жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – БҰҰ Астанада Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының VIII съезін өткізуді ресми түрде қолдады. Осы орайда БҰҰ Өркениеттер альянсы аясында діни нысандарды қорғау жөнінде арнайы сессия өткізді.

Нью-Йоркте БҰҰ Бас Ассамблеясының 80-сессиясы ашылды
Фото: news.un.org

- Қазір барша әлемде түрлі дағдарыстар мен террористік әрекеттерді көріп жүрміз, соның салдарынан адам өліміне, түрлі діни нысандардың қирауына әкеліп соған оқиғалар анықталып жатыр. Мұндай шабуылдарды лаңкестік топтар ұйымдастырады және олардың басты мақсаты – қоғамымызды күйрету, белгілі бір кері әсерге қол жеткізу, оның ішінде халыққа қорқыныш пен қайғы әкелу. Діни нысандарды қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету - адамзат үшін маңызды қадамдардың бірі. Адам құқықтары аясында осы нысандардың қорғалуын қамтамасыз етуіміз керек, - деді БҰҰ Бас хатшысының орынбасары – БҰҰ Өркениеттер Альянсының Жоғары өкілі Мигель Анхель Моратинос.

Осы орайда ол БҰҰ Жарғысы аясында мүше мемлекеттер өз аумақтарында қауіпсіздікті қамтамасыз ету және азаматтарды қорғау бойынша ерекше жауапкершілікке ие болуы керек екенін атап өтті. БҰҰ қарарында діни нысандарды қорғау үшін тиісті үндеу жасалған.

- Осы нысандарды қорғау ұлттық қауіпсіздік саясаты мен стратегиялары аясында жүзеге асыруы керек. Мешіттерге жасалған лаңкестік әрекеттерден кейін, біздің кеңседе БҰҰ-ның іс-қимыл жоспары әзірленді.

12 қыркүйекте осы құжат қабылданғаннан соң, мұндай ғимараттардың қауіпсіздігіне жауапты адам тағайындалып, қауіпсіздік мәселесіне қарауы керек. Бұл талап БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінде айтылған, өйткені бұл құжат барлық мүше мемлекеттерге қатысты, - деді БҰҰ өкілі.

Айта кетейік, 2005 жылы БҰҰ Бас хатшысының бастамасымен құрылған БҰҰ Өркениеттер альянсы діндер, мәдениеттер мен халықтар арасындағы өзара түсіністікті нығайтуда маңызды рөл атқарып келеді. Астанада Съезд алаңдарында сессия өткізу Қазақстанның халықаралық институттармен өзара іс-қимылының маңыздылығын, сондай-ақ Съездің мойындалған жаһандық рухани дипломатия алаңы ретіндегі мәртебесін нақтылады.

Бұдан бұрын хабарланғандай, ҚР Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев халықаралық қауіпсіздік бойынша барлық әрекет БҰҰ жарғысына сәйкес болуы тиіс екенін айтты.

Соңғы жаңалықтар