Елордада екі күндік CYBER STEPPE 2026 конференциясы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Іс-шара киберқауіпсіздік, цифрлық мәдениет, жасанды интеллект және азаматтар мен ұйымдарды қазіргі кибер қатерлерден қорғау тақырыптарына арналған. Жоба Alem.ai Халықаралық жасанды интеллект орталығында республикалық Киберқауіпсіздік айлығы аясында ұйымдастырылды.

Елордада екі күндік CYBER STEPPE 2026 конференциясы өтіп жатыр
Фото: Kazinform

Ашылу рәсімінде сөз алған ҚР Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев аталған салаға қатысты оң өзгерістерді еске салды. Ол республикада Цифрлық кодекс пен «Киберқауіпсіздік туралы» Заң күшіне енгенін атап өтті. Сондай-ақ, Еңбек кодексіне де бірқатар жаңа норма енгізіліп, жұмыс берушілер мен жұмыскерлерлерге киберқауіпсіздік және кибермәдениет бойынша міндеттемелер жүктелгенін айтты.

Вице-министрдің сөзінше, Кибермәдениет айлығы — осындай жұмыстардың жалғасы. Ел аумағында ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, киберсабақтар, аймақтық форумдар мен акциялар өтіп жатыр.

— Біздің басты мақсатымыз — азаматтарды интернет-алаяқтық пен киберқауіптерді ажырата білуге үйрету, өзінің жеке деректеріне жауапкершілікпен қарауға және цифрлық қызметтерді қауіпсіз түрде қолдануға баулу, — деді ол.

Сонымен қатар, конференцияның алғашқы күні мемлекеттік органдар, бизнес, банк, IT-компаниялар, білім беру мекемелерінің өкілдері қатысты. Олар түрлі кибершабуылдар, фишинг, мемлекеттік секторда ЖИ-ді қолданудағы сақтық, отандық жасанды интеллект т. б. мәселелер жөнінде ой-пікірін ортаға салды.

Ертең, 11 қыркүйек күні іс-шараның екінші күні жалғасады. Онда тек сала мамандары ғана емес, азаматтар да келеді. Жалпы конференцияға 3000 адам қатыспақ. Оның екі мыңы Астанада болса, қалған бір мыңы өзге қалалар мен өңірлерден онлайн қосылады. Ал екі күн ішінде жалпы 20 спикер мен сарапшы баяндама жасайды.

Айта кетейік, бұған дейін зейнеткерлердің киберқауіпсіздігі күшейтіліп, СҚО-да WhatsApp чаттары құрылғанын жазғанбыз.

Сонымен қатар, киберқауіпсіздік маманы ата-аналарға кеңес берді.