«Елордада электронды карта енгізіледі» - баспасөзге шолу
АСТАНА. ҚазАқпарат - «ҚазАқпарат» халықаралық ақпараттық агенттігі 19 сәуір, сейсенбі күні жарық көрген республикалық бұқаралық ақпарат құралдарындағы өзекті мақалаларға шолуды ұсынады.
«Егемен Қазақстан» газетінің жазуынша, кеше Парламент Мәжілісінде палата Төрағасының орынбасары Гүлмира Исімбаеваның төрайымдығымен Үкімет сағаты өтті. Денешынықтыру мен бұқаралық спорттың кеңінен таралу мәселесіне арналған Үкімет сағатында негізгі баяндаманы Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы, қосымша баяндаманы Әлеуметтік-мәдени даму комитетінің төрайымы Гүлнәр Ықсанова жасады.
Бұқаралық спорт пен денешынықтыруды қалыптастыру мен насихаттау барысында төмендегідей басты жұмыстар атқарылды, деп бастады өзінің сөзін А.Мұхамедиұлы. 2025 жылға дейінгі мерзімге денешынықтыру мен спортты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бүгінгі таңда оны іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары белгіленді. 2020 жылға дейінгі мерзімде отандастарымыздың 30 пайызының денешынықтыру және спортпен жүйелі түрде айналысуын қамтамасыз ету мәселесін алға қойып отырмыз. Осы бағытта бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Ең бастысы, нормативтік-құқықтық база жетілдіріліп, оның шеңберінде 56 акт қабылданды. 2015 жылдың қорытындысы бойынша ел халқының 26 пайызының бұқаралық спортпен айналысуына жағдай жасалды. Бұл - 4,5 млн. адам деген сөз.
33 мыңнан артық бұқаралық спорт шаралары өткізілді. Соның 18 мыңына жуығы ауылды жерлерде болды. БАҚ арасында бұқаралық спортты дамытуға «Қазспорт» пен «Қазақстан» телеарналары көп еңбек сіңірді. Мемлекеттік қызметшілер арасында спорттан президенттік тест өткізілді. Осы тесті тапсыруға былтыр 4,5 млн. адам қатысты. Биыл да осы жұмыстар белсенді жүргізіліп, жеңімпаздарға ынталандыру төсбелгілері тапсырылатын болады. Бүгінгі күні мектептерде 38 мыңнан артық спорттық үйірмелер жұмыс істеп, оларға барлық оқушылардың 28 пайыздан артығы қатысады. Бірақ ауыл мектептерінде спорт үйірмелерін ашу мүмкіндіктеріне әлі күнге қол жеткізе алмай отырмыз. Болашақта денешынықтыру пәнін аптасына үш сағатқа дейін көбейту мәселесі қарастырылуда, деді ол. Бұл жайында «4,5 миллион адам спорттан президенттік тест тапсырды» деген мақалада толық берілген.
Бас басылымда «Елордада электронды карта енгізіледі» атты материал берілген. Астанада мамыр айынан бастап қалалық қоғамдық көліктерде электронды төлем жасау жүйесі (ЭТЖЖ) карталары қолданысқа енгізіледі. Бұл туралы қала әкімдігі қоғамдық кеңесінің отырысында жолаушылар көлігі басқармасының өкілдері мәлімдеді.
«Астана LRT» ЖШС басқарма төрағасы Талғат Арданның айтуынша, жобаны іске қосу мамыр айына жоспарланып отыр. Қазіргі кезде электронды төлем жасау жүйесі (ЭТЖЖ) карталарын қолданысқа енгізу үшін барлық жұмыстар жасалуда. Жолаушылар көлігі басқармасы автобустарда тегін жүретін азаматтардың базасын әзірледі. Олар қоғамдық көлікте арнайы картаны пайдаланып, тегін жүреді. Оқушыларға да дербес карталар беріледі. Оқушылар оны жазғы демалыс кезінде 30 тамызға дейін қолдана алады. Карталарды арнайы белгіленген орындарда және жүргізушілерден сатып алуға болады.
Сонымен бірге, егер жолаушының картасы болмаса, ол жолақыны жүргізушінің жанындағы терминалмен электронды карта арқылы немесе қолма-қол ақшамен төлейтінін айтты. «Бұл үшін автобус жүргізушісінің және әрбір есіктің жанына валидатор орнатылады. Мұндай карталар жолаушылар тасымалының сапасын арттырып, осы саланың мөлдірлігін қамтамасыз етеді», - деді ол.
***
«Айқын» газетінің жазуынша, Елбасы 5 институттық реформаны іске асыруға бағытталған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында еңбекақыны нәтижесіне қарай төлеу туралы міндет қойған болатын. Осы мақсатта ұлттық компанияларда әрбір лауазым иесіне арналып, жеке даму жоспары жасалыпты. Бұл ретте «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры осы бағдарламасына сай өсіп, біліктілігін көтере алмаған мамандарымен қош айтысатын болады. Бұл туралы Астанада Адам ресурстарын басқару жөніндегі XI халықаралық конференция аясында мәлім етілді.
«Самұрық-Қазына» қорының және оның корпоративтік университетінің қолдауымен өткен конференцияда HR-мәдениеттің трансформациясы мәселелері талқыланды. Бір айта кетер жайт, HR терминінің танымал PR ұғымына еш қатысы жоқ, бұл ағылшын тілінен алғанда «адами ресурс» (human resources) деген сөздерден құралған. Мәселен, кадр бөлімінің басшысын қазір HR-менеджер деп атайды.
Тиісінше, кешегі жиын да адам ресурстарын басқару тақырыбына арналды және оның аясында «еңбек нарығындағы өзекті трендтер» қаралып, «кадр саясатын дамытудың тиімді жолдары» іздестірілді. Форумға 200-ге жуық маман шақырылған екен, олардың қатарында ірі ұлттық компаниялардың жетекшілері, жеке корпорациялардың HR-бөлімшелерінің мамандары, халықаралық сарапшылар бар.
Жиында «Самұрық-Қазына» компаниялар тобына кіретін компаниялардың лауазымды тұлғалары трансформация бағдарламасы аясында жаңа HR-үлгілерді енгізу барысымен таныстырды.
Мысалы, «ҚазМұнайГаздың» адам ресурстарын басқару және еңбекақы төлеу бойынша атқарушы директоры Серік Әбденовтің хабарлауынша, осы ұлттық компаниядағы әрбір менеджер бағалаудан өтті және соның нәтижесінде «инфографиялық есеп» түзілді. Бұл есеп менеджердің әлеуеті мен оның нәтижелілігін бағалау нәтижелерінен тұрады. Әрбір есептің жеке бір тарауы - «менеджерді дамытудың жеке жоспары» болып табылады. Бұл жайында «Әр лауазым иесіне жеке жоспар жасалынады» деген мақаладан толық оқи аласыздар.
Осы газетте «Ашаршылық құжаттарына жол ашылды» атты мақала көпшілік назарына ұсынылып отыр. Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде Қазақстан Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Халық жадысы», Қазақстанда өткен ғасырдың отызыншы жылдарындағы жаппай ашаршылық тарихын зерделеуге арналған іс-шара өткізілді. Жиында Қазақстан Республикасы Президентінің Архивінде еңбек ететін ғалымдар мен қоғамтанушылар өздерінің ортақ пікірлерін білдіре отырып, Қазақстандағы 1930-шы жылдардағы ашаршылық туралы материалдарын кең ауқымда жинау және қазақ халқы құрбандарының тізімін жасау туралы идеясын ұсынады. Көрменің ашылуы барысында қазақ даласындағы 1930-шы жылдардағы ашаршылық нәубеті құрбандарының деректері базасын құру жөніндегі жобаның тұсаукесері болды.
***
«Ана тілі» газетінің соңғы санында «Жусанның қасиеті - шипасында» атты мақала жарияланды. Қазақ халық емшілігінің тарихы көне дәуірлерден бастау алатыны белгілі. Оның керемет жетістіктерін көптеген ғалымдар мойындаған. Ал бүгінгі уақыт тұрғысынан қарасақ, заманауи медицинаның дамуымен әлімсақтан келе жатқан халық емшілігіне деген көзқарас та өзгерді.
Өзгерудің бір көрінісі қазіргі адамдар халық емінен гөрі емханаға қаралып, ауруханаға жатып емделгенді хош көреді. Шынтуайтына келгенде, бүгінгі медицинаның да негізінде халық емшілігінің дәстүрлері жатқаны сөзсіз. Демек, оны жоққа шығаруға болмайды. Заман жаңарып, уақыт озған сайын адамды емдеу тәсілдері мен технологиясы да өзгеріп, түрлене түскені анық. Өйткені медицина ғылымы бір орында тұрған жоқ. Ол үнемі жетіліп, дамуда. Бірақ халық емшілері де науқастарға ем-дом жасап, көмек көрсету жолында өз қызметтерін ұсынып келеді.
«Жуырда Берік Қабенұлы деген халық емшісімен таныстым. Қытайдан келген қандас бауырымыз екен. Халық еміне бет бұрғанына 7 жылдай уақыт болыпты. Мұндағы мақсаты - халық емін заманға сай дамыту.
Берік Қабен - Үрімжінің медициналық университетін терапия мамандығы бойынша тәмамдапты. Оқуын бітірген соң бес жылдай еңбек етіпті. О баста өкпе ауруларын емдейтін шөп-дәрілерді жасап жүріпті. Әрбір шөптің өзіндік қасиетін зерттеп, зерделеген. Өзі дайындап, жасаған шөп дәрілерінің пайдасы бар екенін байқаған. Айтуынша, Қытайда қазақтың халық емі жақсы дамыған. Қазақтың байырғы заманнан келе жатқан емдеу тәсілдерінің кереметтігін, шөптен жасайтын дәрілерінің пайдалылығын Шығыс медицинасын жетік меңгерген қытайлардың өздері мойындапты. Бір әттеген-айы, өзіміздің халықтық ем түрлері елімізде кенжелеу дамып келе жатқаны», - деп жазады автор.