Елордада қарт адамдарды әлеуметтік қорғау мәселелері талқыланды

Отырыс барысында мерекеге орайластырылған айлық аясында қарияларға арналған әлеуметтік-мәдени және т.б. іс-шаралар мәселелері, жергілікті жерлерде тәжірибелік көмек көрсету, жоспарланған қайырымдылық шараларын қамтамасыз ету және қарттарды әлеуметтік қолдауға қатысты бірқатар мәселелер талқыланды.
«Қазіргі уақытта Астанада 55 мыңнан астам зейнеткер тұрады, соның ішінде 271-і - Ұлы Отан соғысының ардагері, 4483-і - тыл еңбеккері. Қарттар күнін атап өту аясында елордада ардагерлерге құрмет көрсету, олардың қажеттіліктеріне назар аудару дәстүрі қалыптасқан. Бұл күні барлық ұйымдар мен кәсіпорындар түрлі қайырымдылық іс-шараларын ұйымдастырып, мерекелік дастархан жаяды. Азаматтардың жеке санаттары, соның ішінде зейнеткерлер жасына қарай қоғамдық көліктерде тегін жүреді» - дейді Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Алма Алтыбаева.
Оның айтуынша, 1982 жылдан бері Астанада үйде әлеуметтік қызмет көрсетудің 4 бөлімі жұмыс істеп келеді. Бүгінде олар 313 жалғыз басты қарияға және еңбекке қабілетсіз азаматқа қызмет көрсетеді.
«Былтыр зейнеткерлерге жалпы сомасы 970 млн теңгеге көмек көрсетілді», - деді Алма Алтыбаева.
Еске салайық, жыл сайын 1 қазанда әлем бойынша Халықаралық қарттар күні атап өтіледі. Осы күні «Жастар» сарайында зейнеткерлерге арналған мерекелік концерт ұйымдастырылды. Бұдан басқа, Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы Қарттар күніне орай 70-тен асқан егде жастағы 20 774 адамға 3 мың теңге көлемінде бір реттік материалдық, 4 мыңнан астам адамға қайырымдылық көмек көрсетілді. Ардагерлер кеңесінің белсенділері зейнеткерлер мен тыл еңбеккерлеріне үйде қызмет көрсетуді ұйымдастырды. Аудандардың әкімдіктері демеушілік ұйымдармен бірлесіп жалғыз басты қарияларға азық-түліктер жеткізді, кемемен серуенге шығарды, дастархан жайып, тегін фильмдер көрсетіп, әскери даңқ мұражайына, елордалық циркке тегін апарды. Сондай-ақ, тұрмысы төмен және жалғыз басты 2006 адамға қатты отын (60 тонна) сатып алынды.