Елордада Қазақстан мәдениетінің апталығы өтіп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада 2-8 шілде аралығында Қазақстан мәдениет апталығы жоспарланған. Апталықтың ерекшелігі сол, әр күні жиналғандарға қазақ мәдениетінің түрлі аспектілері ұсынылмақ.

Орталық жағалаудағы Арбат алаңында ұйымдастырылып жатқан апталықтың алғашқы күнінде көркем және мультипликациялық фильмдер, соның ішінде отандық кинематографтың «Менің атым-Қожа» және басқа да шығармалары көрсетілді. Қазақстандық кино өнерін бағалайтын кәрі мен жас көптеп жиналып, көтеріңкі көңіл-күймен тарқасты. Кеш соңында «Жошы» этно-ансамблінің лекция-концерті өткенін де атап өткен жөн. Айтпақшы, киіз үй тігіліп, оның ішінде ұлттық киім мен өнер көрмесі өтіп, келушілер ата-бабамыздың байырғы өміріне оралғандай әсер алды. Бұл көрме апта бойы жалғасады.

Апталықтың екінші күні ұлттық спорт түрлеріне арналды. Қала қонақтары мен тұрғындары асық ату, гір көтеру, арқан тартыс және қол күрес сияқты ұлттық ойындарға қатысып, бақтарын сынады. Этноауыл атмосферасын қалыптастыру үшін іс-шараға тазы мен бүркіт әкелінгенін атап өткен жөн.
Апталықтың үшінші күні ұлттық киімге арналды. Қонақтарға «Асыл-Дизайн» сән үйінің бас дизайнері, ғылым кандидаты және өнертану доценті Айдархан Қалиевтің ұлттық киімдер коллекциясы ұсынылды. Іс-шара «Наз» би театрының өнер көрсетуімен жалғасты. Сондай-ақ, тұрғындар арасында ұлттық дәстүрге қатысты викторинарлық ойындар ұйымдастырылды. Кейін су үстіндегі сахнада елордалық жас әртістер танымал әндерді орындап, жиналғандарға ұмытылмас көңіл-күй сыйлады.

«Астана күнін тойлау кең көлемде басталып кетті. Қазақстан мәдениет апталығын өткізу идеясы қала тұрғындары мен қонақтары тарапынан зор қолдау тапқанын атап өткен жөн. Себебі, орталық жағалауға демалуға келген тұрғындар мерекелік аураны сезініп, ұлттық рухтары асқақтай түскенін жарыса айтып жатыр. Мұндай игі шара алдағы уақытта да жалғасын табатын болады», - деді Астана қаласы Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының баспасөз хатшысы Балмира Берікқызы.

Қала тұрғыны Тәттімбет Баймағамбетов әр күн сайын орталық жағалауға отбасымен демалуға келіп, тамаша көңіл-күймен үйлеріне оралатынын жасырмады.
«Күн сайын керемет көрініс. Ұлттық дәстүрді теледидардан көрген бір бөлек, орталық жағалауда өз көзімен көрген бір басқа. Бұған дейін қазақтың ұлттық киім түрлері көп екенін білмеппін. Бүгін сән көрсетілімін көрсеткен жандардың үстіндегі ұлттық киімдер асқақ рух бергенін айтқым келеді. Жалпы, бұл апталықты ұйымдастырушыларға мың алғыс», - деді ол.