Елордада қазақтың бұлбұл әншісі Бибігүл Төлегенованың шығармашылық кеші өтті

АСТАНА. 20 қаңтар. ҚазАқпарат /Жасұлан Аманбайұлы/ - Бүгін Астанадағы «Қазақстан» Орталық концерт залында Кеңес Одағының халық әртісі, Социалистік Еңбек Ері, Мемлекеттік сыйлықтардың лауреаты, академик Бибігүл Төлегенованың «Гауһартас» атты шығармашылық кеші өтті.
None
None

Кеш бағдарламасына әлемдік классикалық опера мен халық әндерінен 30-ға жуық шығармалары енген. Концерт барысында қазақтың күміс көмей, жезтаңдай әншісі Бибігүл Төлегенова Дж. Пуччинидің «Джанни Скикки» операсынан Лауретта, Ғ.Жұбанованың «Еңлік-Кебек» операсынан Еңліктің ариясын, сондай-ақ «Гауһартас», «Аққу едім көлдегі», «Баянжан», «Желсіз түнде жарық ай», «Ахау, үрия-ай!» сынды қазақ халық әндерін нақышына келтіре орындады.

«Қазақтың бұлбұлы» атанған өнер саңлағының кешінде әншінің өзімен қатар шәкірттері Гүлжанат Сапақова, Елена Низамутдинова, Дана Таласбекова, Маржан Төреханова, Толқын Забированың орындаған әндерін елорда халқы ықыласпен тыңдап, зор қошемет көрсетті.

Бибігүл Төлегенова - әлемдік деңгейдегі әнші, опера жұлдызы. Ол - өзінің өнердегі аса жоғары жетістіктері үшін ғана емес, халық арасында үлкен сүйіспеншілікке ие болғандықтан да халық әртісі атанған жан.

Бибігүл Ахметқызын әлемнің әөнерсүйер қауымы әрқашан құшақ жая қарсы алады. Оның әндеріне Нью-Йорктың, Лондонның, Париждің, Римнің, Афинының, Токионың, Сеулдің, Каир мен басқа да әлемнің ірі қалаларының айтулы концерт залдарына жиналған жұрт тамсана қол соққан. Халық әртісі әлемнің ең үздік оркестрлерімен: Осипов атындағы орыс ұлттық академиялық ұлт аспаптар оркестрі, Чайковский атындағы үлкен симфониялық оркестрі, принц Уэльскийдің (Ұлыбритания) камералық оркестрімен бірге ән салған.

ЮНЕСКО шешімі бойынша Бибігүл Төлегенова XX ғасырдың ұлы жиырма әйелдерінің қатарына енген болатын.

Соңғы жаңалықтар