Елордада «Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша құжаттар қабылдау басталды
Астана қаласының Тұрғын үй басқармасы басшысының орынбасары Руслан Ахметовтің айтуынша, іріктеу баллдық жүйемен жүргізіледі. «Бұл жүйе бойынша бір балаға 20 баллдан, әрбір екінші және одан кейінгі балаларға 30 баллдан есептеледі. Сонымен қатар, комиссия соңғы бес жылда Қазақстан Республикасының аумағында меншік құқығымен баспанасының болуын және оны иеліктен шығару жағдайларын тексереді»,- деді ол. Мұнымен қоса, созылмалы аурулардың кейбір ауыр түрлерімен ауыратын немесе мүгедек болып табылатын отбасының әрбір мүшесі үшін 10 балл; мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде алдағы іріктеу кезінде салынған тұрғын үйдің тізіміне қосылмаған үміткерлер үшін 5 балл; кәмелетке толғанға дейiн ата-аналарынан айырылған 29 жасқа толмаған жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар санатына жататын ерлі-зайыптылардың әрбіреуі үшін 10 балл қосылады. «Аталған критерийлер бойынша азаматтардан құжаттарды қабылдау 14 маусымға дейін ХҚКО-ларда үзіліссіз жүргізіледі. Сабыр сақтауды сұраймыз», - деді мемлекеттік қызметтер көрсету сапасын сақтауды бақылау бөлімінің басшысы Руслан Бешеев. Еске салайық, биыл 672 жас отбасы қоныс тойын тойлайтын болады. Бағдарламаға қатысу үшін кемінде екі жыл некеде тұрған және ерлі-зайыптылардың екеуі де 29 жасқа толмаған жас отбасы (бағдарламаға қатысуға өтініш берген сәтке), сондай-ақ Астана қаласында кемінде екі жыл тіркелімі бар балалары (баласын) 29 жасқа толмаған, оның ішінде ажырасқан, жесір ата-ананың біреуі тәрбиелейтін толық емес отбасы өтініш бере алады.