Елордада коммуналдық қызметтерге белгіленген бағаның көтерілу мәселесі талқыланды
Еліміздің 9 саяси партиясының елордадағы филиалдары басшылары мен қаланы су, электр энергиясы, жылу, газбен қамтамасыз ететін мекемелердің басшылары, сондай-ақ Астана қалалық ішкі саясат, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармаларының өкілдері қатысқан алқалы жиын барысында коммуналдық қызметтерге белгіленген бағаның көтерілу мәселесін талқыланды.
Жиынды ашқан Ә.Рахымжанов қатысушыларды наурыз мерекесімен құттықтай келіп, «Бүгінгі талқыланғалы отырған мәселе өзекті. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық ұсынатын коммуналдық қызметтердің тариф құны қаңтар айында бүкіл ел бойынша көтерілді. Қазақстан Республикасының 2020 жылға дейінгі Стратегиялық даму жоспарына сәйкес, тұрғын үй-коммуналдық қызметтерді сапалы жеткізу және тұрғын-үй қатынастарын жетілдіру табиғи монополиялар субъектілерінің нормативтік потенциалын қысқартып, нормадан тыс тарифті реттеуді тиімді пайдалану арқылы шешілуі тиіс», деді өз сөзінде.
Осыдан кейін негізгі баяндаманы жасаған «Әділет» тұтынушылардың құқығын қорғау қоғамдық бірлестігінің төрағасы Қабікен Закариянов елорда дүкендерінің сөрелеріндегі азық-түліктердің бағасы тым жоғары екендігін, олардың 80 пайызға жуығы Қырғызстан, Қытай, Өзбекстан мемлекеттерінен жеткізіліп отырғандығын, сапалары да күмән туғызатындығын, сондай-ақ елордадағы 96 жағармай құю бекетерінің біразындағы бензин сапасы өте төмендігін, сондай-ақ жыл сайын коммуналдық қызметтер тарифінің көтеріліп келе жатқандығын атап өтті.
«Шынымен де 2009 жылы бізде тарифтердің көтерілуі орын алды. Егер 2009 жылы қаңтардың 1-інде электр энергиясының тарифі 5,62 теңге болса, қазіргі уақытта 8,82 теңгені құрайды. Ал жылу энергиясының соңғы тұтынушыны есепке алғандағы бағасы қосымша құн салығын қосқанда 1901 теңге көлемінде өзгеріссіз қалды», деді «Астанаэнергосервис» АҚ-ның басшысы Наиль Сайфуллин.