11:54, 28 Ақпан 2009 | GMT +5
Елордада көршілес елдердің жастар ұйымдарымен ынтымақтастықты нығайту мәселелері талқыланды
АСТАНА. Ақпанның 28-і. ҚазАқпарат /Руслан Ғаббасов/ - Бүгін Астанада Қазақстан мен Ресейдің дипломатиялық қарым-қатынастарын күшейту тақырыбында дөңгелек үстел өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Шараға «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының мүшелері, ҚР Сыртқы істер министрлігінің, Қазақстандағы Ресей Елшілігінің өкілдері қатысты.
«Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшылығының жетекшісі Лаврентий Бобрышев қазіргі кезде ресейлік жастар ұйымдарымен тәжірибе алмасу жұмыстары ұйымдастырылып жатқандығын және бірлескен шаралар жүзеге асырылып отыратынын айтып өтті.
«Бүгін «Нұр Отан» ХДП «Жас Отан» жастар қанатының атқарушы хатшысы Нұрлан Өтешев Қырғызстанда екі елдің жастар қанатымен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қояды. Атап айтқанда, бұл үшжақты меморандумға Қазақстан, Ресей, Қырғызстан жастары қатысады. Осы құжат негізінен аталған елдердегі саяси партиялар жастар қанатының өзара қарым-қатынастарын кеңейтуге бағытталып отыр», - деді ол.
Л. Бобрышев алдағы уақытта аталған келісімге Орта Азиядағы бірқатар мемлекеттердің жастар ұйымдары қосылатынына сенім білдірді.
Қазіргі кезде Дельфий ойындары ТМД елдерінде үлкен дәрежеге жетіп отырғандығына тоқталған ол, «Қазақстанда Дельфий ойындары жүйелі өткізіліп отырады. Осыған орай Арменияда өтетін Халықаралық ойындарға елімізден ең мықты команда баратын болады», деді.