Елордада «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті

АСТАНА. KAZINFORM — Елордада мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларына арналған «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы ұйымдастырылды.

Елордада «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Іс-шараның ашылуында Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбай медиа форумның мемлекеттік органдар мен қоғам арасындағы ашық әрі тиімді коммуникацияны нығайтудағы маңызы жайлы айтып, еліміздегі мемлекеттік басқару жүйесін жаңғыртуға бағытталған ауқымды өзгерістерге тоқталды.

Елордада «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

— Конституциялық реформалар, саяси және институционалдық жаңғыру үдерістері, сондай-ақ «Мемлекеттік қызмет туралы» жақында қабылданған Заң мемлекеттік басқарудың жаңа сапасын айқындап, ашықтыққа, есептілікке, кәсібилікке және адамға бағдарлануға негізделген жаңа басқару мәдениетін қалыптастыруды көздейді. Бұл ретте Президент ұсынған «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасының маңызы ерекше. Халықпен ашық әрі сенімді диалог — тиімді мемлекеттік басқарудың басты шарттарының бірі, — деді агенттік төрағасы.

Сондай-ақ ол мемлекеттік қызметтің тиімділігі қабылданған шешімдердің нәтижесімен ғана емес, қоғаммен өзара іс-қимылдың сапасымен де бағаланатынын айтып, ашықтық, есептілік және кері байланыс мемлекеттік қызметшінің күнделікті жұмысының ажырамас бөлігіне айналуы тиіс екенін жеткізді.

Мәдениет және ақпарат бірінші вице-министрі Қанат Ысқақов мемлекеттік органдардың баспасөз хатшыларының қоғам мен билік арасындағы тиімді байланысты қамтамасыз етудегі маңызды рөліне тоқалды.

а
Фото: Мемлекеттік қызмет істер агенттігі

Ал Президент жанындағы «ОКҚ» республикалық мемлекеттік мекемесінің директоры Асқар Омаров форум қатысушыларына ақпараттың ашықтығы мен жеделдігін арттыру, мемлекеттік саясатты халыққа түсінікті жеткізу және кәсіби медиакоммуникацияны дамыту мәселелерінің өзектілігі жайлы баяндады.

а
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Форумда отандық медиа саласының сарапшылары мен заңгерлер жасанды интеллект дәуірінде ақпарат көздерімен тиімді жұмыс істеу, ақпарат тарату барысында құқықтық жауапкершілік пен медиасауаттылық тақырыбында шеберлік сабақтарын өткізді.

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мен Мәдениет және ақпарат министрлігінің ұйымдастыруымен өткен медиафорумға орталық және жергілікті мемлекеттік органдардан 70-тен астам баспасөз хатшы мен PR саласының мамандары қатысты.

Елордада «Media & Gov Connect» республикалық медиафорумы өтті
Фото: Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Медиафорумның негізгі мақсаты — мемлекеттік органдардың коммуникациялық әлеуетін арттыру, баспасөз хатшыларының кәсіби біліктілігін жетілдіру және заманауи ақпараттық кеңістікте тиімді жұмыс жүргізудің озық тәсілдерін талқылау.

Бұған дейін ең төменгі жалақы мөлшері және мемлекеттік қызметкершілердің жалақысы өсіміне қатысты материал жариялағанбыз.