Елордада «Нұрлы сөз» транслингвистикалық қойылым-бағдарламасы болады
АСТАНА. Қазанның 13-і. ҚазАқпарат - Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен ертең, қазанның 14-де Қазақстан халқы тілдерінің ХІ республикалық фестивалі аясында «Нұрлы сөз» транслингвистикалық қойылым-бағдарламасы өтеді,
деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бағдарламаның мақсаты - мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейту, тіл мәдениетін жетілдіру, жастардың мемлекеттік тілге, көркем шығармаларды оқып-үйренуге деген ықыластары мен қызығушылықтарын, патриоттық сезімдерін арттыру.
Қойылымға «Қоңыр» тобы, Рамазан Стамғазиев, Қарақат Әбілдина, Ақан Әбдуәлі, Құрманбек Мағауияұлы, Ерлан Рысқали және т.б. өнер шеберлері қатысады. Аталған шараның жастар қауымының жүрегінде алар орнының ерекше екендігін ескере отырып, қойылым-бағдарламаның өтуіне «Нұр Отан» халықтық-демократиялық партиясының «Жас Отан» жастар қанаты да атсалыспақ.
Мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру мақсатында ұйымдастырылып отырған мерекелік шараға Қазақстан Республикасы Парламенті Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Президенті Әкімшілігі мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрі Кеңсесінің жауапты қызметкерлері, Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, ұлттық-мәдени бірлестіктер мен қоғамдық ұйымдардың басшылары, орталық және жергілікті атқарушы органдардың басшылары және БАҚ өкілдері шақырылып отыр.
Сонымен бірге жоғары оқу орындарының студенттері, мектеп оқушылары, жастар шығармашылығы ұйымдарының өкілдері де тамашаламақ.
Өтетін мекен-жайы: К. Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры