Елордада оңалту және инклюзия шараларын қаржыландыру артты – әкім

АСТАНА. KAZINFORM – Бұл туралы Үкімет отырысында инклюзивті саясатты жүзеге асыру шараларын талқылау кезінде елорда әкімі Жеңіс Қасымбек мәлім етті.

Жеңіс Қасымбек
Фото: Ағыбай Аяпбергенов/ Kazinform

- Қала бюджеті әлеуметтік бағытын сақтап отыр, яғни әлеуметтік қорғау, білім беру, денсаулық сақтау және өзге де қолдау бағыттарына жұмсалады. Осы жылы оңалту және инклюзия шараларын қаржыландыру 12%-ға ұлғайтылды. Медициналық және оңалту қызметтері толық көлемде қамтамасыз етіледі. Сонымен қатар жұмыспен қамтуға жәрдемдесу шаралары іске асырылып келеді, - деді Ж.Қасымбек.

Оның айтуынша, инклюзивті білім беруді дамытуға ерекше назар аударылып келеді. Қалада 24 мамандандырылған ұйым жұмыс істейді, сондай-ақ 800 орындық жаңа арнайы мектептің құрылысы жүріп жатыр. Бұл балаларды мамандандырылған қолдаумен 100% қамтуға мүмкіндік береді.

- Сонымен қатар кедергісіз қалалық орта жүйелі түрде қалыптастырылып жатыр. Қолжетімділік жобалау кезеңінен бастап ескеріледі. Бұл жұмыс 173 локацияны абаттандыру барысында жалғасады. Көлік қолжетімділігін дамыту жалғасып жатыр: қоғамдық көліктің 93%-дан астамы бейімделген. «Инватакси» қызметі кеңейтіліп, 2,5 мыңнан астам адам қамтылып келеді. Сонымен қатар Yandex Go сервисімен пилоттық жоба іске асырылып жатыр, - деді әкім.

Оның сөзіне қарағанда, цифрлық және инновациялық шешімдерді енгізу жоспарланып отыр. Олардың қатарында қолды пайдаланбай құрылғыларды басқаруға арналған жоба, Smart Astana жүйесінде «ИнваТакси» сервисін дамыту, сондай-ақ әлеуметтік қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін арттыру үшін жасанды интеллект технологияларын қолдану бар.

Бұдан бұрын хабарланғандай, биыл инклюзивті жұмыспен қамту мүмкіндігі кеңейтіледі.