Елордада орнатылған ескерткіштердің барлығы жастардың тарихи санасын мығымдай түсуі шарт - Н. Назарбаев
«15-ғасырдың екінші жартысында біздің бабаларымыз Керей мен Жәнібек хандар көтерген тудың астына жиналып, тарихта тұңғыш рет өзіндік дербес мемлекет - Қазақ хандығын құрды. Дәл осы кезеңде халықтың өзіндік сана-сезімі қалыптасып, қазақтардың басқадан ерекшеленіп тұратын еркіндік сүйгіш мінезі айшықтала түсті. Біз, ұлы бабаларымыздың қалдырған мұрасын ешқашан естен шығармай, қадірлейміз. Біз, Қазақ мемлекеттігінің негізін қалаушы Керей мен Жәнібектің халқымыздың асыл тарихына қосқан үлестерін жоғары бағалаймыз. Сондықтан да, біз бүгінгі ұлттың ұлы тұлғаларына мәңгілік ескерткіш орнатуымыз тарихты қастерлеп, қадір тұтқан ұрпақ құрметінің белгісі болып табылады», деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, қазіргі Қазақстан өз мемлекеттігін нығайтып жатқанына тоқталған Елбасы, елімізде экономика жылдан-жылға дамып отырғанын, Қазақстанның халықаралық мойындалуы кеңейе түскенін жеткізді. Мемлекет басшысының айтуынша, Қазақстанның барлық саладағы негізгі, бұған дейінгі және болашақтағы жетістігі қоғам бірлігі мен достығы болып табылады.
«Еуразияның ауқымды далалық кеңістігінің дәл кіндігінде орналасқан Астана өсіп, өркендей түсуде. Біз бабаларымыз бастап кеткен ұлы жасампаз миссияны жалғастыратын боламыз. Бүгінгі күні Қазақстан өңірдегі, жаһандағы қауіпсіздіктің нығаюында маңызды рөл атқарып келеді. Еліміздің тыңнан жасалған бейбіт бастамалары әлемдік қауымдастық тарапынан да қолдау табуда. Биыл беделді ЕҚЫҰ-на төрағалық етудеміз, келесі жылы Ислам мемлекеттері ұйымының төрағалығын қолымызға аламыз. Қазақ жері конфессияаралық диалог алаңына айналған киелі орын саналуда. Біздің қоғам арасындағы келісім мен өзара байланыс бағытындағы тәжірибеміз де әлем елдері тарапынан биік қызығушылықтарға ұласып отыр», деді Н. Назарбаев.
Сонымен бірге, Президент қазіргі елорда жаңа сәулет үлгілерімен ерекшелене түсіп отырғанын айта келе, монументальды өнердегі ерекше орын тарихи тұлғаларға арналған ескерткіштерге тиесілі екендігін жеткізді. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы Астанада бұған дейін Кенесары хан мен қазақтың атақты үш биіне ескерткіштер, басқа да монументтер тұрғызылғанын айтты. «Бұлардың барлығы азаматтардың, әсіресе жастардың патриоттық сезімін, Отанға деген сүйіспеншілігін қалыптастыруы керек, біздің тарихи санамызды мығымдай түсуі шарт. Кез келген мемлекеттің астанасының атқаратын негізгі рөлі де осындай дүниелер», деді Елбасы.