Елордада орыс жазушысы, драматург Антон Чеховтың 150 жылдық мерейтойына арналған кітап көрмесі мен әдеби кеш өтті
Әлемге әйгілі классикалық туындыларда насихаттау, Қазақстан мен Ресей арасындағы мәдени және ғылыми байланыстарды арттыру мақсатында «Мәңгі жанды классика» деген тақырыппен ұйымдастырылған көрмеде қаламгердің әр жылдары жарық көрген кітаптары қойылған. «Мәселен, аталған орталық кітапханасының сирек қолжазбалар қорынан алынған кейбір кітаптардың жарық көрген уақыты 1903, 1893 жылдарға сәйкес келеді», дейді кітапхана қызметкері Айнагүл Садықова.
Жалпы көрмеге қаламгердің 100-ге жуық кітабымен қатар ол туралы жазылған еңбектер де қойылған. Олардың қатарынан жазушының өміріне арналған Лондон университетінің профессоры Дональд Рейфелдің кітабын, Чеховты жазушы ретінде емес, білікті дәрігер ретінде суреттеген басылымды көруге болады.
А.Чеховтың қазақ тіліне аударылған алғашқы туындысы «Ұзақ» әңгімесінің 1911-1915 жылдары Тройцскіде жарық көрген «Айқап» журналында жарияланғанын атап өткен Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің доценті Жанна Нұрманованың айтуынша, «Қырғыздар» атты әңгімесі жазушылықты енді бастап жүрген оның қазақ жұртшылығына қызығушылығының болғандығын дәлелдей түседі.
«Чеховтың қазақ әдебиетіне ықпалы дегенде екі жазушыны атауға болады. Олар Бейімбет Майлин мен Мұхтар Әуезов. Б.Майлин қаламгерлер арасында «Қазақтың Чеховы» деп те аталған. Оның «Шұғаның белгісі» атты шығармасы орыс жазушысының әңгімелері желісі негізінде жазылғанын байқауға болады», дейді ол.