Елордада полиция синтетикалық есірткі жеткізу арнасының жолын кесті

АСТАНА. KAZINFORM - Қалаға кіреберісте есірткі саудалауы мүмкін деген күдікпен Hyundai автокөлігінің 30 жастағы жүргізушісі ұсталды, деп хабарлайды Polisia.kz.

ы
Фото: Polisia.kz

Анықталғандай, ол елордаға келген бойда есірткі жасыратын орын дайындап үлгерген.

Көлікке жүргізілген тінту барысында ұнтақ тәрізді зат салынған капсула табылып, оның мефедрон екені анықталды. Кейіннен күдікті тағы екі жасырын орынның мекенжайын көрсетіп, ол жерлерден қосымша есірткі партиялары табылып, тәркіленді. Тәркіленген мефедронның жалпы салмағы шамамен жарты келіні құрады.

Есірткі заттарын сақтау және өткізу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу барысында күдіктінің елорда тұрғыны екені және есірткіні ірі партиялармен жеткізіп, кейін оны қала аумағында және еліміздің бірқатар өңірінде таратумен айналысқаны анықталды.

Полиция қызметкерлерінің жедел әрі кәсіби іс-қимылының нәтижесінде синтетикалық есірткіні жеткізу және тарату арнасының жолы кесілді.

Полиция есірткінің заңсыз айналымы ауыр қылмыстар санатына жататынын және қатаң қылмыстық жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.

-Есірткі заттарын жеткізу, сақтау және тарату арналарын анықтау мен олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстар тұрақты жү.үргізіліп келеді. Есірткі таратудан заңсыз пайда табуға бағытталған кез келген әрекет міндетті түрде қылмыстық қудалауға және бас бостандығынан айыру жазасына әкеледі,-делінген хабарламада.

Осыған дейін елдің батысында ірі есірткі арнасының жолы кесілгені туралы жаздық.