Елордада салауатты өмір салтын насихаттаған акция ұйымдастырылды

АСТАНА. KAZINFORM – Бүгін елордада «Заң және тәртіп» бағдарламасы аясында «Тәуелділікті спортқа айырбаста» атты спорттық акция өтті. Бұл бағдарлама тұрғындар арасындағы вейпке тәуелділік деңгейін төмендетуге бағытталған. Акцияның басты мақсаты – темекі өнімдерін спорттық құрал-жабдықтарға айырбастау арқылы салауатты өмір салтын насихаттау.

а
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

Аталған іс-шараға дзюдодан Қазақстанның спорт шебері Сергей Пак – Ortus.kz дзюдо мектебінің негізін қалаушы әрі бас жаттықтырушысы қатысты. Оның айтуынша, акция жас ұрпақты салауатты өмір салтына тартуға және зиянды әдеттерден бас тартуға бағытталған. Қатысушылар көшедегі тұрғындарға жақындап, темекі өнімдерін спорттық инвентарьға айырбастауды ұсынып, зиянды әдеттердің орнына денсаулыққа пайдалы балама бар екенін еске салады.

н
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

– Бүгінгі акция біздің жас ұрпақты тартуға бағытталған. Біз зиянды әдеттерді жоюға тырысамыз. Қолымыздан келгеннің бәрін барынша жасауға тырысамыз. Мұндай акциялар ай сайын өткізіледі деп айта аламын. Қаржыландыруды Спорт басқармасы жүзеге асырады, – деді Сергей Пак.

Сонымен қатар ол аталған іс-шараның тиімділігі адамның зиянды әдеттерден бас тартуға деген жеке ниетіне байланысты екенін атап өтті. Акция мотивациялық әрі еске салу қызметін атқарады. Қоғамдағы көзқарас әртүрлі болғанымен, көпшілік – шамамен 80 пайызы айырбастауға келісіп, бастаманы оң қабылдайды және оны өздері үшін жаңа тәжірибе ретінде көреді.

п
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

– Бәрі адамның өзіне байланысты. Егер адам шынымен зиянды әдеттерден бас тартқысы келсе, мұндай акциялар оларды тек ынталандырады. Кейде адамға еске салу қажет, бүгінгі акция арқылы біз салауатты өмір салты бар екенін, басқа жол да бар екенін еске салғымыз келеді, – деді Сергей Пак.

Сондай-ақ спорт шебері әрбір бала үшін спортпен айналысудың маңыздылығын атап өтті. Оның айтуынша, міндетті түрде дзюдомен айналысу шарт емес, кез келген спорт түрі адамның бойындағы маңызды қасиеттерді дамытады.

п
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

– Спорт еңбекқорлық пен жауапкершілік сияқты қасиеттерді қалыптастырады. Бұл қасиеттер болашақта мықты негіз және ішкі тірек болып, ересек өмірде көмектеседі. Жастар арасында спортты насихаттау және кеңінен тарату аса маңызды, – деді ол.

Сонымен қатар Сарыарқа ауданы әкімі аппаратының бөлім басшысы Дамир Хисматуллиннің айтуынша, акция «Заң және тәртіп» нарративінің бір бөлігі ретінде бір жылдан астам уақыт ішінде «Сарыарқа» ауданында 100-ден астам іс-шара ұйымдастырылып, оған қоғам, танымал блогерлер мен спортшылар қолдау көрсетіп жатыр. Ұйымдастырушылар барша тұрғындарды акцияға қатысуға және әлеуметтік желілерде қолдауға шақырады.

п
Фото: Астана қаласының Дене шынықтыру және спорт басқармасы

– Қаланың мәдениет және спорт басқармасы тарапынан салауатты өмір салтына арналған, осы қағиданы елордамыздың жастары мен жас ұрпағы арасында енгізуге бағытталған іс-шаралар өткізіледі, – деді ол.

Бұдан бөлек, спикер «Стоп вандал» акциясы да осы нарратив аясында тұрақты түрде ұйымдастырылатынын атап өтті. Бұл бастама коммуналдық мүлікті бүлдіруге қатысы бар тұлғаларды анықтауға бағытталған және ішкі істер органдары қызметкерлерімен бірлесіп жүзеге асырылады. Соңғы бір жылда 30-дан астам адам Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс бойынша жауапкершілікке тартылған. Жалпы өндірілген айыппұл сомасы 1,5 млн теңгеден асқан.

Айта кетейік, Әзербайжанда электронды темекіні пайдалану, импорттау, экспорттау, өндіру, көтерме және бөлшек саудада сату, сондай-ақ өткізу мақсатында сақтау үшін айыппұл белгіленеді.

Сонымен қатар Петропавлда бойжеткен бір тал темекі шегіп, жансақтау бөліміне түсті.

Электронды темекі қолдану миокард инфаркті мен инсульт қаупін арттыруы мүмкін. Мұндай қорытындыға ғалымдар жүргізген зерттеу нәтижесінде келді.