Елордада сталкинг үшін жауапкершілік күшейеді
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласында сталкингтің алдын алу үшін қандай іс-шаралар атқарылып жатқаны белгілі болды. Астана қаласы прокуратурасының Сотқа дейінгі тергеп-тексеру және қылмыстық қудалаудың заңдылығын қадағалау басқармасының прокуроры Қайсар Сағынбай Коммуникациялар қызметінде өткен брифингте осы бағытта атқарылып жатқан шаруалар туралы мәлімет берді. Бұл туралы қала әкімдігі мәлімдеді.
Спикер өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев айқындаған мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарының бірі — «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру. Азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолындағы маңызды қадамдардың бірі — сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі болды.
2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексі 115-1-баппен толықтырылып, «сталкинг» үшін қылмыстық жауаптылық енгізілді. Аталған заң 2025 жылғы 16 қыркүйектен бастап аталған норма ресми түрде заңды күшіне енді.
— Жаңа құқықтық норма азаматтарды жүйелі түрде қудалаудан, психологиялық қысым көрсетуден және жеке өмірге заңсыз араласудан қорғауға бағытталған, — деді басқарма прокуроры.
Маманның айтуынша, сталкинг — адамның еркінен тыс оған байланыс орнатуға, аңдуға немесе әрекеттерін бақылауға бағытталған, зорлық-зомбылықпен ұштаспайтын, елеулі зиян келтіруге алып келген әрекеттерден көрінетін заңсыз қудалау. Мұндай әрекеттер жәбірленушіде алаңдаушылық, қорқыныш және жеке қауіпсіздігіне қатысты үрей тудырады.
— Қазіргі таңда азаматтарды жүйелі түрде қудалау, телефон қоңыраулары, әлеуметтік желілер мен мессенджерлер арқылы мазалау, аңду, психологиялық қысым көрсету және өзге де заңсыз әрекеттер жасау фактілері жиілеп келеді. Көп жағдайда мұндай әрекеттердің құрбандары көбіне бұрынғы жұбайлар, қарым-қатынастан бас тартқан қыз-келіншектер, сондай-ақ ұзақ уақыт психологиялық қысым мен бақылауға ұшыраған азаматтар, — деді маман.
Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, сталкинг жасағаны үшін қылмыстық жауапкершілік қарастырылған. ҚР ҚК-нің 115-1-бабына сәйкес кінәлі тұлғаларға 200 айлық есептік көрсеткішке дейін айыппұл салу, сол мөлшерде түзеу жұмыстары, 200 сағатқа дейінгі мерзімге қоғамдық жұмыстарға тарту, 50 тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алу түріндегі жазалар көзделген.
— Әрбір істі қарау барысында құқық қорғау органдары мен соттар құқыққа қайшы әрекеттердің сипатын, олардың жүйелілігін және жәбірленушіге келтірілген салдарды ескереді. Заңның негізгі мақсаты — азаматтарды дер кезінде қорғау және заңсыз қудалау фактілерінің жолын кесу, — дейді Қайсар Сағынбай.
Маманның айтуынша, Астана қаласының прокуратурасы азаматтарды сталкинг фактілерінен қорғау мәселесіне ерекше назар аударып келеді.
— Қазіргі уақытта сталкинг фактілерінің едәуір бөлігі ақпараттық технологиялар мен әлеуметтік желілерді пайдалану арқылы жасалады. Цифрлық қудалаудың кең таралған түрлеріне жалған аккаунттар ашу, мессенджерлер арқылы үздіксіз хабарламалар жіберу, жеке деректерді тарату, геолокацияны бақылау, аккаунттарды бұзу, жасырын фото және бейнетүсірілім жүргізу жатады, — дейді прокурор.
Мұндай әрекеттер азаматтардың жеке өмірге қол сұғылмаушылық құқығын бұзып, адамның қауіпсіздігіне нақты қауіп төндіруі мүмкін.
— Тәжірибе көрсеткендей, сталкинг құрбандары көбіне бұрынғы жұбайлар мен серіктестер, қарым-қатынастан бас тартқан қыз-келіншектер, ұзақ уақыт психологиялық қысым мен бақылауға ұшыраған азаматтар болып табылады. Жүйелі қудалау жәбірленушілерде алаңдаушылық, қорқыныш және тұрақты эмоционалдық күйзеліс тудырады. Көп жағдайда сталкинг құрбандары өмір салтын өзгертуге, араласатын ортасын шектеуге, күнделікті бағыттарын, жұмыс орнын немесе тіпті тұрғылықты жерін ауыстыруға мәжбүр болады, — дейді маман.
Осыған байланысты құқық қорғау органдары азаматтарды мұндай фактілерге бейжай қарамай, дер кезінде көмек сұрауға шақырады. Уақтылы әрекет ету ауыр салдардың алдын алып, азаматтардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғауға мүмкіндік береді.
Құқық қорғау органдары азаматтарды жүйелі қудалау фактілері туралы уақытылы хабарлауға шақырады. Сталкинг белгілері байқалған жағдайда хат-хабарларды, хабарламалардың скриншоттарын, қоңыраулардың аудиожазбаларын, бейнежазбаларды және өзге де дәлелдерді сақтау ұсынылады, себебі олар қылмыстық істерді тергеу барысында маңызды рөл атқарады.
Бүгінде сталкинг тұрмыстық жанжал немесе жеке мәселе ретінде емес, адамның психологиялық жағдайы мен қауіпсіздігіне елеулі зиян келтіруі мүмкін құқыққа қайшы әрекет ретінде қарастырылады.
Құқық қорғау және қадағалау органдарының негізгі міндеті — осындай фактілерді дер кезінде анықтау және жолын кесу, заңдылықты қамтамасыз ету және азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау.
Сталкинг үшін қылмыстық жауапкершіліктің енгізілуі Қазақстанда жеке тұлғаны құқықтық қорғау тетіктерін нығайту мен қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытындағы маңызды қадам болды.
Бұған дейін Ақтөбеде сталкингке қатысты 6 істің біреуі ғана сотқа жеткенін жаздық.