Елордада сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі семинар-кеңес өтті
АСТАНА. Мамырдың 21-і. ҚазАқпарат /Құралай Жолдыбаева/ - Бүгін ҚР Табиғи монополияларды бақылау агенттігінің (ТМБА) департаментінде «Сыбайлас жемқорлықпен күрес» тақырыбында семинар-кеңес өтті,
деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.2009 жылғы сәуірдің 22-сінде Елбасы «Қазақстан Республикасында қылмысқа және сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту және құқық қорғау қызметін одан әрі жетілдіру жөніндегі қосымша шаралар туралы» Жарлыққа қол қойған болатын. Бүгінгі отырыста аталмыш Жарлықтың негізгі қағидалары ортаға салынып, талқыланды. Кездесуге ҚР ТМБА департаментінің директоры, Есіл ауданы прокуратурасының, Астана қаласы Қаржы полициясының, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша Тәртіптік кеңесінің өкілдері қатысты.«Өткен жылдың алғашқы тоқсанында тәртіптік жауапқа 17 мемлекеттік қызметкер тартылды. Сондай-ақ тәртіптік кеңес қандай да болмасын жұмыстың орындалуына тікелей жауапты бірінші басшыларға, атқарушылар мен мемлекеттік қызметкерлерге қойылатын талаптарды қатайту жөнінде бірқатар шараларды қолға алып отыр», - деп атап өтті отырыста ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Астана қаласы бойынша Тәртіптік кеңесінің мүшесі Нияз Есмағанбетов.