Елордада теннистен Қазақстан – Германия матчы мәреге жетті

Мұның алдында Қазақстан 3:0 есебімен мерзімінен бұрын жеңіске жеткеннен кейін кестеге өзгерістер енгізілді.
Юлия Путинцева мен Лаура Зигемунд кортқа мүлдем шыққан жоқ.
Жұптық сында Қазақстан құрамасы (капитаны Ярослава Шведова) сапында Елена Рыбакинаны Жібек Құламбаева алмастырды.
Ж.Құламбаева Анна Данилинамен бірге Анна-Лена Фридзам – Юле Нимайермен шеберлік байқасты.
Бірінші партияда германиялық жұп екі брейкпен басымдылық көрсетті – 6:2.
Екінші сетте қазақстандықтар сәтті ойнады – 6:3. Дегенмен супер тай-брейкте жеңіс германиялықтардың еншісінде кетті – 10:6.
Осылайша Қазақстан – Германия матчында қорытынды есеп 3:1 болып тіркелді.
Еске сала кетейік, бұдан бұрын Қазақстан құрамасы алғаш рет Билли Джин Кинг кубогының финалдық кезеңіне шыққанын жазған болатынбыз.