Елордада тұрғын үйдегі кірпіш қаптамасының опырылуы: полиция құрылыс құжаттарын тексеріп жатыр
АСТАНА. KAZINFORM — Полиция елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасының құлауы оқиғасы бойынша осы нысанының құрылысына қатысты құжаттарды тексеріп жатыр. Бұл туралы Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлім етті.
Оның айтуынша, бұл жағдай Қылмыстық кодекстің 306-бабы (қауiпсiздiк талаптарына сай келмейтін тауарларды шығару немесе сату, жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету) бойынша тергеліп жатыр.
— Әкімдікпен бірлесе тергеу аясында комиссия құрылды. Біз кешенді сот-медициналық әрі құрылыс сараптамасын тағайындадық. Тергеу нәтижесінде бірнеше рет сапасыз жұмыс жүргізген құрылыс салушыға құқықтық баға береміз. Осы сапасыз жұмыстардың салдарынан елорда тұрғындарының денсаулығынан залал келтірілді. Қазір тергеу амалдары жүріп жатыр және нақты адамдар күдікті деп танылған жоқ, — деді С. Әділов Сенатта тілшілер сұрағына жауап бере отырып.
Оның айтуынша, полицейлер тұрғын үйдің сыртын қаптау кезінде пайдаланылған құрылыс құжаттарын алып, тексеріп жатыр.
— Сондықтан күдіктіні анықтау туралы құқықтық баға беру үшін егжей-тегжейлі тексеру керек. Бұл тұрғыда әкімдіктің тиісті қорытындылары мен сот сараптамаларын алу қажет, — деді ол.
Естеріңізге сала кетсек, 8 қарашада елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлап, салдарынан 5 адам зардап шекті.
Зардап шеккендердің бәрі № 1 көпсалалы ауруханаға жеткізілді.
Жақында Денсаулық сақтау вице-министрі Тимур Мұратов елордада тұрғын үй кешенінің қасбетіндегі кірпіш қаптамасы мен кондиционер қондырғысының бөлігі құлау салдарынан зардап шеккен фельдшердің жағдайы туралы айтты.