Елордада тұрғындарды алдап, 13 млн теңгені қалтаға басқан күдікті ұсталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада полицейлер тиімді несие рәсімдеуге көмектсемін деп бірнеше адамнан ірі көлемде ақша жымқырған әйелді ұстады. Бұл туралы Ішкі істер министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Тергеу мәліметіне сүйенсек, күдікті бірнеше адамның сеніміне кіріп, мемлекеттік қолдау бағдарламасы аясында несие әперемін деп сендірген. Сол мақсатта алдын ала төлем түрінде ақша жинап отырған.
Алайда несие де, уәде етілген қызмет те көрсетілмеген. Жымқырған қаражаттың жалпы сомасы 13 млн теңгені құрайды. Азаматтардың сенімін арттыру үшін күдікті жалған кеңсе жалдап, өзін «банктегі сенімді менеджерлермен жұмыс істейтін делдал» ретінде таныстырған. Тіпті кейбіріне жалған қызметтік куәлік те көрсеткен.
Қазіргі уақытта оған қатысты қылмыстық іс қозғалды. Полицейлер азаматтарды алаяқтардан сақ болуға шақырады.
Бұған дейін Абай облысында көші-қон тәртібін бұзған 137 шетелдік елден шығарылғанын жазған едік.