Елордада ұлттық қолөнер мектебі ашылды
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада балалар мен жастарға арналған тегін «Ұлттық қолөнер мектебі» жобасы басталды. Үш апта бойы еліміздің әр өңірінен іріктелген шеберлер балаларға ұлттық қолөнердің қыр-сырын үйретеді. Жобаға қатысуға 450-ден астам өтінім түсіп, соның ішінен 208 бала мен жас іріктеліп алынды.
«Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қоры ұйымдастырған жоба ұлттық қолөнерді сақтауға, оны жас ұрпақ арасында кеңінен дәріптеуге және дәстүрлі шеберлік сабақтастығын жалғастыруға бағытталған. Оқу бағдарламасы зергерлік өнер, киіз басу, көркем тоқыма, ши тоқу, қыш өнері, керамика, сүйек ою, тері және ағаш өңдеу секілді он бағытты қамтиды.
Ұлттық қолөнерді жалғастыратын жаңа буын қалыптастыру
Жобаның ашылуында «Креативті индустрияларды дамыту қоры» корпоративтік қорының Басқарушы кеңесінің төрағасы Ерлан Каналимов ұлттық қолөнердің халқымыздың тұрмысымен, мәдениетімен және салт-дәстүрімен тығыз байланысты екенін атап өтті.
Оның айтуынша, ата-бабаларымыз күнделікті өмірге қажетті заттардың басым бөлігін өз қолымен жасаған. Сондықтан қолөнерді тек көне заманнан қалған мұра ретінде емес, ұлттың тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын және шығармашылық қабілетін танытатын маңызды сала ретінде қарастыру қажет.
– Ата-аналарымыз ерте кезден күнделікті тұрмысқа қажетті бұйымдардың барлығын өз қолымен жасап отырған. Сондықтан ұлттық қолөнердің ішінде халқымыздың мәдениеті де, салт-дәстүрі де, тұрмыс-тіршілігі де бар. Бүгін басталып жатқан жобаның негізгі мақсаты – халық арасында сирек кездесетін, біртіндеп жоғалып бара жатқан ұлттық қолөнер түрлерін қайта жаңғыртып, оларды жас ұрпаққа үйрету, – деді қор төрағасы.
Жобаға еліміздің әр өңірінен 331 қолөнерші өтінім берген. Іріктеу нәтижесінде он шебер таңдалып, олар үш апта бойы қатысушыларға тәжірибелік сабақ өткізеді.
– Жобаны бастаған кезде еліміздің түкпір-түкпірінен 331 шебер өтінім берді. Солардың арасынан мүмкіндігінше сирек кездесетін ұлттық қолөнер түрлерін сақтап жүрген он шеберді таңдап алдық. Олардың барлығы – өз саласында танылған, қолөнердің қыр-сырын меңгерген тәжірибелі мамандар. Енді олар үш апта бойы жиналған балаларға дәріс беріп, әр бұйымның қалай жасалатынын тәжірибе жүзінде көрсетеді, - деді Ерлан Каналимов.
Оның сөзінше, жобаға қатысатын балаларды іріктеу кезінде қатаң шектеу қойылмаған.
– Байқау жарияланған кезде балаларға айтарлықтай шектеу қойған жоқпыз. Жобаға 450-ден астам өтінім түсті. Бүгін 200-ден астам бала оқуын бастады. Үш аптаның ішінде олар өзі таңдаған бағыт бойынша ұлттық қолөнердің негізгі тәсілдерін меңгеріп, өз қолымен бір бұйым жасап шығады. Біздің мақсатымыз – қолөнердің түрлерін балалардың санасына сіңіріп, олардың қызығушылығын арттыру және болашақта осы өнерді жалғастыратын жастарды тәрбиелеу, – деді ол.
Ұйымдастырушылар «Ұлттық қолөнер мектебін» алдағы уақытта жыл сайын өткізуді жоспарлап отыр. Сондай-ақ жобаға ұлттық қолөнердің басқа да бағыттарын қосып, оны халықаралық деңгейде таныту көзделген.
– Ұлттық қолөнер мектебі жыл сайын өтеді деп жоспарлап отырмыз. Қазақстанда қолөнердің түрі өте көп. Болашақта олардың барлығын біртіндеп қамтып, дамытқымыз келеді. Сонымен қатар басқа елдерде де біздің ұлттық қолөнерімізді танып-білсе деген мақсатымыз бар. Үш апталық оқу аяқталған соң қатысушыларға арнайы сертификат беріледі. Балалардың өз қолымен жасаған бұйымдары осы жерде өтетін көрмеге қойылады. Оны елорда тұрғындары мен қонақтары, оқушылар мен олардың сыныптастары келіп тамашалай алады, - деді қор төрағасы.
Инклюзивті қыш өнері де оқытылады
«Ұлттық қолөнер мектебі» жобасының үйлестірушісі Таңшолпан Жауынбайдың айтуынша, жобаға балалар мен жастар тарапынан қызығушылық жоғары болған.
– Ұлттық қолөнер мектебі – Креативті индустрияларды дамыту қорының бастамасымен жүзеге асырылып жатқан жоба. Оның басты мақсаты – ата-бабадан мирас болған ұлттық қолөнер дәстүрін жас ұрпақ арасында кеңінен дәріптеу және болашақ қолөнершілердің жаңа буынын қалыптастыру. Сарапшылар кеңесінің іріктеуі нәтижесінде он шебер таңдалды. Олар 27 шілде мен 12 тамыз аралығында Астанадағы Qazaq Creative Hub алаңында сабақ өткізеді. Барлық сабақ тегін ұйымдастырылады, - деді ол.
Сонымен қатар жоба үйлестірушісінің айтуынша, бағдарламаға дәстүрлі қолөнер түрлерімен бірге ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген инклюзивті қыш өнері де енгізілген.
– Оқу соңында әр қатысушы таңдаған бағыты бойынша авторлық бұйым дайындайды. Балалардың жұмыстары 12 тамызда Qazaq Creative Hub алаңында өтетін қорытынды көрмеде көпшілікке ұсынылады. Жоба аясында дәстүрлі қолөнермен қатар ерекше білім беру қажеттілігі бар балаларға бейімделген инклюзивті қыш өнері де оқытылады. Қазіргі уақытта жоба тек Астана қаласында жүзеге асырылып жатыр, - деді
Қыш өнері баланың сабырлы әрі жинақы болуына көмектеседі
Жоба аясындағы бағыттардың бірі – қыш өнері мен керамика. Бұл сабақтарды Орал қаласынан келген қыш өнерінің шебері Нұрбол Әміржанов жүргізеді.
Сабақ барысында балалар сазбалшықтан құмыра, кесе, мүсін және басқа да бұйымдар жасауды үйренеді. Шебердің айтуынша, қыш өнері баланың шығармашылық қабілетін дамытумен қатар, қол моторикасын жетілдіруге, өздігінен жұмыс істеуге және бастаған ісін соңына дейін жеткізуге үйретеді.
– Бұл сабақтарда балалар сазбалшықтан түрлі бұйымдарды жасауды үйренеді. Негізгі мақсатымыз – оларды қыш өнеріне баулу ғана емес, қол моторикасын, ойлау қабілетін, шығармашылық әлеуетін және өздігінен жұмыс істеу дағдыларын дамыту. Бала бір бұйымды өз қолымен жасап шыққан кезде оның қызығушылығы мен өзіне деген сенімі де арта түседі, - деді Нұрбол Әміржанов.
Оның айтуынша, сазбалшықпен жұмыс істеудің баланың көңіл күйіне де әсері бар.
– Қыш өнері жай ғана бұйым жасаумен шектелмейді. Сазбалшықтан адам мен жануарлардың мүсіндерін, түрлі сәндік бұйымдарды жасауға болады. Бұл өнердің психологиялық пайдасы да бар. Мысалы, тынымсыз, бір орында отыра алмайтын балалар қыш дөңгелегімен жұмыс істей бастағанда біртіндеп сабырланып, жұмысына ден қояды. Ал тұйық, көп сөйлемейтін балалар керісінше ашылып, еркін араласа бастайды. Әсіресе, ерекше білім беру қажеттілігі бар балалардың көңіл күйін көтеріп, қол моторикасын дамытуға оң әсер етеді, - деді шебер.
Маманның сөзінше, бұйым дайын болғанға дейін бірнеше этаптан өтеді.
– Қыш өнері бойынша сабақтар үш апта бойы аптасына үш рет өтеді. Әр сабаққа он оқушы қатысады. Балалардың жасаған бұйымдары бірден дайын болмайды. Алдымен олар кептіріліп, арнайы муфель пешінде күйдіріледі. Кейін глазурь жағылып, ою-өрнекпен безендіріліп, қайтадан пешке салынады. Осы кезеңдердің барлығынан өткен соң ғана дайын қыш бұйым шығады, - деді ол.
«Қолөнер – мәдени мұра ғана емес, ата кәсіп»
Тері өңдеу шебері Нұрлан Жақыбаев ұлттық қолөнердің мәдени маңызымен қатар, оның кәсіпке айналатын мүмкіндігіне де тоқталды. Оның айтуынша, қолөнер атадан балаға жалғасып келе жатқан мұра болғанымен, қазіргі кезде экономиканың маңызды бағыттарының бірі ретінде де дамуы керек.
– Қолөнер – тек мәдени мұра емес, ол ата кәсіп әрі экономиканың маңызды саласы. Дамыған мемлекеттерде қолөнер ел экономикасына елеулі үлес қосады. Сондықтан бүгінгі сабақтар балалардың шығармашылық қабілетін дамытып қана қоймай, болашақта өз кәсібін қалыптастыруына да негіз болады деп сенемін, - деді ол.
Шебер Креативті индустрияларды дамыту қорының ұлттық қолөнерді дамытуға қолдау көрсетіп отырғанын атап өтті. Оның пікірінше, балаларға қолөнерді ерте жастан үйрету олардың шығармашылық қабілетін дамытуға және болашақта өз ісін бастауына мүмкіндік береді.
Атадан балаға жалғасқан киіз өнері
Жоба аясында киіз басу, көркем тоқыма және ши тоқу бағыттары бойынша да сабақ өткізіледі. Осы өнердің қыр-сырын үйрететін шеберлердің бірі – Жұпар Бейсенова.
Ол ұлттық қолөнерді заманауи тұрмыспен ұштастырып, дәстүрлі тәсілдер арқылы түрлі бұйымдар жасап келеді. Көп жылдан бері осы өнерді шәкірттеріне үйретіп, киіз басу, көркем тоқыма және ши тоқу дәстүрінің жалғасуына үлес қосып жүр.
– Бүгін біз атадан балаға мирас болып келе жатқан ұлттық қолөнерді жаңғыртып, оны жас ұрпаққа үйрету үшін бас қосып отырмыз. Біздің мақсатымыз – білгенімізді балаларға үйретіп, ұлттық өнердің сабақтастығын жалғастыру. Киіз басу, көркем тоқыма мен ши тоқу – халқымыздың ғасырлар бойы сақталып келген асыл мұрасы. Осы өнерді жастар меңгеріп, әрі қарай жалғастырса, еңбегіміздің ақталғаны, – деді Жұпар Бейсенова.
Әр қатысушы өз бұйымын жасап шығады
Үш апталық сабақ барысында балалар тек шеберлердің жұмысын бақылап отырмайды. Олар таңдаған бағыты бойынша материалдармен жұмыс істеп, әр бұйымның жасалу жолын тәжірибе жүзінде меңгереді.
Оқу соңында әр қатысушы өз қолымен авторлық бұйым дайындайды. Дайын жұмыстар 12 тамызда өтетін қорытынды көрмеге қойылады. Сондай-ақ қатысушыларға «Ұлттық қолөнер мектебінің» курсын аяқтағаны туралы сертификат табысталады.
Ұйымдастырушылар бұл жобаны ұлттық қолөнерді үйрететін бір реттік курс ретінде ғана емес, балалардың дәстүрлі өнерге деген қызығушылығын оятып, болашақта осы саланы жалғастыруына мүмкіндік беретін бастама ретінде қарастырып отыр.