Елордада ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнінің рәсімделуін реттеу мәселесіне арналған дөңгелек үстел өтті
Ұлты қазақ азаматтардың аты-жөнінің рәсімделуі ҚР Президентінің 1996 жылғы сәуірдің 2-індегі «Ұлты қазақ азаматтардың тегі мен әкесінің атын жазуға байланысты мәселелерді реттеу тәртібі туралы» Жарлығына және ел Үкіметінің 1999 жылғы мамырдың 22-індегі «Қазақстан Республикасындағы азаматтық хал-ахуал актілерін тіркеу, тағы басқа ережелерді бекіту туралы» қаулысына сәйкес жүргізіліп келе жатқандығын атап өткен ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің төрағасы Ербол Шаймерден «алайда қазақ есімдерін дұрыс жазу нормалары қолданыстағы құқықтық-нормативтік актілерде толық реттелмеген. Мұны осы саланың мамандары да мойындайды», деді.
Оның айтуынша, соңғы кезде ұлты қазақ азаматтардың, әсіресе оралмандардың осы мәселелер бойынша арыз-шағымдары көбейе түскен. Тіл комитеті төрағасының келтірген дерегіне сәйкес, ұлты қазақ азаматтардың жеке куәліктерінің 90 пайызы орыс тілінде толтырылған.
Ал қазақтардың дәстүрлі аты-жөніне үстемшіл-әкімшіл жолмен телінген орыс тілінің -ов, -ев, -ова, -ева сынды аффикстерді құжаттарынан алып тастауға әсіресе жастар арасынан өтініштің көп түсетіндігін атап өткен №2 Халыққа қызмет көрсету орталығы директорының орынбасары Қожахмет Шопанұлының сөзіне қарағанда, бұл өте қысқа мерзімде атарылатын іс-шара. «Дегенмен, азамат жеке куәлігімен қатар басқа құжаттарында, атап айтқанда, көлік жүргізу куәлігі, диплом, неке куәлігін де ауыстыруына тура келеді. Қазіргі уақытта көптеген азаматтар құжат рәсімдеу мерзімінің ұзақтығына байланысты бас тартып отыр», деді.
Қазақ азаматтарының аты-жөндерін ретке келтіру және жазу кезінде негізгі антропонимиялық қағидаттарын сақтау, халық арасында түсіндіру жұмыстарын жүргізу, тиісті ақпарат тарату мақсатында ұйымдастырылған дөңгелек үстел жұмысына ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары, Үкімет жанындағы Мемлекеттік ономастика комиссиясының мүшелері, зиялы қауым өкілдері, зерттеуші ғалымдар қатысты.