Елордада WALS 2024 халықаралық конференциясы өтіп жатыр

АСТАНА. KAZINFORM – Премьер-Министр Олжас Бектенов елордада өтіп жатқан WALS 2024 халықаралық конференциясы қатысушыларына құттықтау жолдады. Құттықтауды Премьер-Министрдің орынбасары Тамара Дүйсенова оқып берді.

Тамара Дуйсенова
Фото: Виктор Федюнин/Kazinform

«Бүгінгі таңда Қазақстанның білім беру сапасын арттыру мәселесін талқылау алаңына айналып, идеяларды іздеуде және пікір алмасуда үздік дәстүрлерді жалғастырып отырғаны қуанышты жайт. Дүниежүзілік сабақты зерттеу қауымдастығы (WALS) бүкіл әлемдегі зерттеуші-мұғалімдерді біріктірді және әлемдік педагогикалық қоғамдастықтың сабақты зерттеу тәсілін сәтті жүзеге асыруда. Бүгін мұнда әлемнің 27-ден астам елінің жетекші сарапшылары мен педагогтары жиналды. Бұл жоғары жауапкершілік», — деп атап өтеді Үкімет басшысы. 

Олжас Бектенов Қазақстан Президентінің білім беруді жаңғырту ісіне, әсіресе, оқыту және педагогтерді дайындау сапасын арттыруға айрықша мән беретіндігін атап өтеді. 

«Сабақты зерттеу — бұл уақыт сынынан өткен және көптеген қазақстандық мұғалімнің тәжірибесінің ажырамас бөлігіне айналған тәсіл. Бұл еңбек 10 жылдан астам уақыт бойы Қазақстанның білім беру жүйесіне осы тәсілді енгізу бойынша кешенді және кең ауқымды жұмыс жүргізіп келе жатқан Назарбаев зияткерлік мектептеріне тиесілі. Конференцияны өткізу ғылыми және педагогикалық зерттеулер процесін жақсартуға үлес қосатыны сөзсіз. Бүгінгі диалог әлемде білім беруді дамытудың озық идеяларын ілгерілету мәселелері бойынша одан әрі жемісті жұмыс үшін жаңа ынталандыру тудыратынына сенімдімін», — деді Премьер-Министр.

Соңғы жаңалықтар