Елордада «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жаңа акция басталды
АСТАНА. KAZINFORM – Астанада Cirque du Soleil ұжымының OVO шоуы өтіп жатқан күндері қала прокуратурасы мен елорда әкімдігі ұйымдастырған «Заң мен тәртіп» профилактикалық акциясы жүріп жатыр, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Халықаралық ұжымның гастрольдерінің үшінші күні «Барыс Арена» кешенінің фойесінде көрермендерге балалардың жазғы кезеңдегі қауіпсіздігіне арналған ақпараттық жадынамалар мен буклеттер таратылды.
– Іс-шара аясында балалар мен ата-аналарға күнделікті өмірдегі қауіпсіз мінез-құлық қағидалары, жол қозғалысы ережелерін сақтау және интернетті жауапкершілікпен пайдалану мәселелері бойынша түсіндіру жұмысы жүргізілуде. Қоғамдық орындардағы мінез-құлық мәдениетін қалыптастыруға және кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігіне төнуі мүмкін қатерлердің алдын алуға ерекше назар аударылуда. Балалардың құқықтарын қорғау, олардың дамуына қолайлы әрі қауіпсіз орта қалыптастыру және құқық бұзушылықтардың алдын алу – прокуратура органдарының басым міндеттерінің қатарында, - деді Байқоңыр ауданы прокуратурасы бөлімінің прокуроры Нұрлыбек Нұрғазыұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, акцияның негізгі мақсаты – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру, кәмелетке толмағандар тап болатые жазатайым оқиғалардың алдын алу және жазғы демалыс кезеңінде балалардың құқықтары мен қауіпсіздігін қорғау мәселелеріне қоғам назарын аудару.
Профилактикалық жұмыс «Заң мен тәртіп» тұжырымдамасы аясында жүргізіліп, өскелең ұрпақ арасында қауіпсіздік мәдениетін қалыптастыруға бағытталған.
Еске салайық, Cirque du Soleil ұжымының OVO шоуымен әлемдік турнесі Астанада 4-7 маусым аралығында өтуде. Елордаға 25 елден келген 130 маманнан тұратын халықаралық команда, оның ішінде 53 әртіс келді. «Заң мен тәртіп» акциясы шоу өтетін күндері жұмысын жалғастырады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанадағы балалар ауылында күн электр станциясы іске қосылды.