Елордада заңсыз насыбай мен снюс саудасын анықтау бойынша рейд жүргізілді
АСТАНА. KAZINFORM – «Заң және тәртіп» қағидаты аясында елорданың Алматы ауданында насыбай, снюс және басқа да шегілмейтін темекі өнімдерінің заңсыз сатылуын анықтау бойынша кезекті рейдтік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды Астана әкімдігінің ресми сайты.
Мониторингтік топ құрамына аудандық әкімдік өкілдері мен полиция басқармасының қызметкерлері енді. Олар сауда орындарын тыйым салынған өнімдерді сату фактісі бойынша тексерді.
Ауданның екі дүкенінде насыбай мен снюс сату фактілері анықталды. Тексеру нәтижесінде сатушылар Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Барлығы 61 дана тыйым салынған өнім тәркіленді.
– Бұл іс-шаралар «Заң және тәртіп» қағидаты аясында тұрақты түрде жүргізіледі. Жұмыстың мақсаты тек қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету емес, сондай-ақ азаматтардың денсаулығын қорғау және жастарды салауатты өмір салтына тәрбиелеуде маңызды рөл атқарады, - деп атап өтті Алматы ауданы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі басшысы Айдын Айдынұлы.

2025 жылдың басынан бері Алматы ауданында шегілмейтін темекі өнімдерінің заңсыз саудасын анықтау бойынша 14 рейд өткізілді. Осы уақыт ішінде мониторингтік топ насыбай мен снюс сатылған 45 азық-түлік дүкенін анықтады. Жалпы саны 1 201 дана тыйым салынған өнім тәркіленді.
Осындай профилактикалық шаралар қаланың барлық ауданында темекі өнімдерінің заңсыз саудасының алдын алу және жол бермеу мақсатында тұрақты түрде жалғастырылады.
Бұған дейін хабарлағанымыздай, Астанада есірткі қылмысына қатысы бар екі адам қамауға алынды.