Елордада жаңа урбанистикалық жобалар жүзеге асады

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада қаланың сәулеттік келбетін сақтау және жақсарту мәселелері талқыланды. Қалалық мәслихаттың тұрақты комиссия отырысында сыртқы жарнама, ғимарат қасбеттері мен көше жарығын біріздендіру мәселелері көтеріліп, Қалалық сәулет, құрылыс және жер қатынастары басқармасының басшысы Алтынбек Ахметов баяндама жасады.

а
Фото: Виктор Федюнин / Kazinform

Спикердің айтуынша, елордада қаланың бірыңғай сәулеттік стилін қалыптастыру мақсатында арнайы брендбук әзірленген.

– Бұл құжат қалалық орта элементтерін жобалау мен безендіруде бірыңғай тәсілді белгілейді. Қалада люктар, көше жиһаздары, шамдар, маңдайшалар мен қасбеттерге дейін барлық ұсақ детальге ерекше мән беріледі. Қала күндіз де, түнде де эстетикалық тартымдылығын сақтауы тиіс. Сондықтан күндізгі жарық шамдары деп аталатын ұғым пайда болды. Яғни жарық бағаналары тек жарық көзі ретінде емес, сәулеттік элемент ретінде де қарастырылады. Сонымен қатар ғимараттарға жылы реңктегі сәулеттік жарық орнату жұмыстары жүргізіліп жатыр. Бүгінде 200-ден астам қоғамдық және тұрғын үй нысандары жылы жарықпен безендірілген. Бұл түнгі қаланың көркем әрі жайлы атмосферасын қалыптастыруға ықпал етеді, – деді Алтынбек Ахметов.

Оның айтуынша, қысқы кезеңде тұрғындар үшін жайлы қоғамдық кеңістіктер қалыптастыруға ерекше көңіл бөлініп отыр. Былтыр қыс мезгілінде 30 қалалық аумақ пен 60-тан астам демалыс орны безендірілген. Ағаштар сәнделіп, жарық инсталляциялар орнатылып, көшелерді безендіру жұмыстары жүргізілген. Сондай-ақ сыртқы жарнама мен сәулеттік безендіруге қойылатын бірыңғай стандарттар енгізілген. Көше кеңістігін визуалды шудан тазарту мақсатында талапқа сай келмейтін жарнама конструкциялары мен маңдайшаларды алу жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты «Астана Жарнама» коммуналдық мемлекеттік мекемесі үйлестіреді.

–– «Астана Жарнама» мекемесі сыртқы жарнаманың орналастырылуына бақылау жасайды. 2025 жылғы 25 тамыздағы жағдай бойынша жарнама таратушылардан 653 хабарлама келіп түсті, оның ішінде 348-і есепке алынды, ал 305-іне ескерту берілді. Сондай-ақ 2025 жылдың наурызынан бастап маңдайшаларды орналастыру бойынша 1623 хабарлама түсіп, оның 1197-сі қабылданды, 426-сы сәулеттік келбетке сәйкес келмегені үшін кері қайтарылды, – деді басқарма басшысы.

Ол өз сөзінде жылдың жеті айында қала көшелері мен ғимарат қасбеттерін визуалды ластан тазарту аясында 16 256 жарнама элементі мен маңдайша алынып тасталғанын, бұдан бөлек, елордада сыртқы жарнамаға төлем жасайтын тұлғалар туралы мәліметтер Астана қаласының Мемлекеттік кірістер департаментіне жолданып, жалпы 13 млрд теңгеге төлем жасалғанын атап өтті.

 – «Астана Жарнама» мен Урбанистика орталығының жұмыстары оң нәтиже беріп отыр. Осы тәжірибені ескере отырып, жаңа құрылым құру жоспарланып отыр. Ол құрылым тек урбанистика және қаланың сыртқы келбетімен айналысады. Қазір тиісті заңды тұлғаны тіркеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, – деді Алтынбек Ахметов.

Сонымен қатар басқарма басшысы елордадағы бірқатар тұрғын үйлердің қасбеттерін жаңғырту жұмыстары жүргізілетінін атап өтті. Мәселен, «Нұрсая» тұрғын үй кешенінің қасбеті жаңартылып, заманауи материалдармен қайта қапталмақ. Бұдан бөлек, Кенесары және Бейбітшілік көшелеріндегі ескі ғимараттардың қасбеттері жаңартылып, қалаға үйлесімді әрі заманауи бейне берілмек.

 – Биыл 180 қоғамдық және аулалық кеңістікті абаттандыру жоспарланған. Көше бойындағы жаяу жүргінші аймақтары, веложолақтар, жарықтандыру және көгалдандыру толық қамтылады. Мұның жарқын мысалы – Мәңгілік Ел, Сығанақ, Бейбітшілік, Кенесары, Абай, Мамбетова, Сәтпаев көшелері. Сондай-ақ Улытау аллеясы толық жаңартылып, Триумф аркасы мен Ботаникалық бақты біріктірді. Қазақ Елі алаңы да абаттандырылып, біркелкі сәулеттік стиль қалыптасты, – деді Ахметов.

Оның айтуынша, қалада ірі саябақ кластерлері мен скверлердің дамуына да айрықша назар аударылып отыр. Мысалы, Бейбітшілік және келісім саябағы абаттандырылды, бұған дейін игерілмеген жерлер – мысалы, «Керуен» сауда үйі маңындағы бос кеңістік – заманауи демалыс алаңына айналған.

– Бұл шаралар барлығы тұрғындарға қолайлы әрі жайлы қалалық орта қалыптастыруды мақсат етеді. Менің баяндамам осы, сұрақтар келесі спикерлердің сөзінен кейін қойылады, – деп сөзін қорытындылады Алтынбек Ахметов.

Бұған дейін, Астанада жаңа кәріз тазарту құрылысы салынып жатқанын жазғанбыз.

Соңғы жаңалықтар