Елордада жеке құрамында 3 556 адам бар азаматтық қорғаныстың 180 аймақтық жасағы құрылды - Астана қаласының ТЖД

АСТАНА. Шілденің 28-і. ҚазАқпарат - Астана қаласы Төтенше жағдайлар департаментінде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі аппаратының жетекшісі Сейітқажы Оқасовтың басшылығымен жартыжылдықтың қорытындылары бойынша кеңес өтті, деп хабарлайды ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі.

Елордада жеке құрамында 3 556 адам бар  азаматтық қорғаныстың 180 аймақтық жасағы құрылды - Астана қаласының ТЖД

Баспасөз хабарламасында аталып өтілгендей, отырыс барысында Төтенше жағдайлар департаменті және оның бөлім басшылары қызметінің қорытындылары бойынша баяндамалар тыңдалды.

Өнеркәсіптік және өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін Төтенше жағдайлар департаменті 2 865 кәсіпорынды, ұйымды, әлеуметтік-мәдени, білім беру, денсаулық сақтау және т.б. нысандарды тексеруден өткізген, деп атап өтті өз сөзінде Астана қаласы ТЖД бастығының орынбасары Ерік Тілеужанов.

ТЖД бөлім бастығы Бейсембай Қабдиев қаланың апаттық-құтқару қызметнің дайындық деңгейі туралы айтты. Оның сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда Астанада азаматтық қорғаныс және төтенше жағдайлар базасында мемлекеттік мекемелерде, кез келген кәсіпорын мен ұйымдарда жеке құрамында 3 556 адам бар, азаматтық қорғаныстың 180 аймақтық жасағы құрылған.