Елордада жыл басынан бері қанша есірткі тәркіленгені белгілі болды
АСТАНА. KAZINFORM — Астана қаласы Полиция департаменті Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бөлім бастығы Әлия Қибатқызы психотроптық заттарды тарату мен сатудың жолын кесу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде мәлімдеді.
Маманның сөзінше, биыл елордада заңсыз есірткі айналымына қатысты 446 құқықбұзушылық анықталған. Оның 161-і — есірткіні заңсыз сатумен айналысқан азаматтарға қатысты істер.
Сонымен қатар, жыл басынан бері Астанада 71 келі әртүрлі есірткі заттары тәркіленген. Былтыр бұл көрсеткіш 101 келі болыпты.
— Қазір каннабистік және апиындық есірткілерге сұраныс төмен. Себебі, соңғы 8 жылда синтетикалық есірткілер кең тарады. «Синтетиканың» бағасы арзан емес және оның нашақорға беретін әсері марихуана, гашиш, героинге қарағанда анағұрлым күшті. Сондықтан заңсыз есірткі саудасымен айналысатындар ауқатты отбасынан шыққан жастарды есірткі тұтынуға көп тартады, — дейді Әлия Қибатқызы.
Ал психотроптық заттарды сатуға және таратуға қарау ниетті жандар 16-30 жас аралығындағы ақыл тоқтата қоймаған әрі қалтасы жұқа жастарды қызықтыруға тырысады. Ол үшін аптасына мың долларға дейін ұсынып, «мәрттік» танытады. Бірақ оның бәрі — қақпан. Ондай ірі сома бермек түгілі, кейде тіпті ақшасын мүлде төлемей қойып жатады.
— Біз мектеп, колледж, университеттерге жастармен кездесуге барғанда, әрдайым ескертеміз. Есірткі таратушының «мансабы» әрі кетсе, 1-2 айға ғана созылады, сосын құрықталады. Ешкім 1-2 жыл «закладчик» болып жүре алмайды, тез қолға түседі, — дейді бұл салада 15 жылдық тәжірибесі бар Әлия Қибатқызы.
Оның сөзінше, есірткі тұтыну, тарату, сатудың алдын алу үшін биыл елордада 300-ден астам іс-шара және түрлі кездесулер ұйымдастырылған.
Айта кетейік, бұған дейін Астанада тіркеуде тұрған нашақорлардың саны жөнінде жазғанбыз.