Елордада жыл басынан бері құрылыс саласында 160 млн теңгеден астам айыппұл салынған

АСТАНА. KAZINFORM – Елордада жыл басынан бері құрылыс саласындағы заңнама талаптарының сақталуын бақылау аясында екі жүзден астам жоспардан тыс тексеру жүргізілген. Бұл туралы Астана қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасының басшысы Ғани Тәжиев мәлім етті.

строительство, құрылыс
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Атап айтқанда басқарма басшысы 2026 жылдың басынан бері құрылыс саласындағы заңнама талаптарының сақталуын қамтамасыз ету бағытында мемлекеттік бақылау аясында бірқатар жұмыс атқарылғанын атап өтті.

– Бүгінгі күнге дейін жеке және заңды тұлғаларға қатысты 228 жоспардан тыс тексеру жүргізілді. Анықталған заңбұзушылықтарды жою жөнінде орындалуы міндетті 122 нұсқама берілді. Бақылау субъектілеріне жалпы сомасы 164 млн теңгеден асатын 501 әкімшілік айыппұл салынды, – деді Ғани Тәжиев.

Сонымен қатар спикердің айтуынша, қазіргі уақытта елордада 1542 құрылыс нысаны іске асырылып жатыр. Оның ішінде 434-і – көппәтерлі тұрғын үй кешендері.

- Қалада құрылыс қарқыны жыл сайын артып келеді. Биыл 4,8 млн шаршы метр тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарланған. Бүгінгі күнге дейін оның 1,5 млн шаршы метрі пайдалануға тапсырылды, – деді басқарма басшысы.

Сондай-ақ спикер елордадағы құрылыс саласындағы өзекті мәселелердің бірі болып саналатын заңсыз құрылысқа қарсы күреске ерекше назар аударылып отырғанын жеткізді.

- 2024–2025 жылдары көппәтерлі тұрғын үй кешендерінің заңсыз құрылысына қатысты 40 нысан анықталды. Қазіргі уақытта олардың саны 21 нысанға дейін қысқарды. Оның ішінде 3 нысан пайдаланылып жатыр. Ал қалған 18 нысанда құрылыс-монтаж жұмыстары тоқтатылған, – деді ол.

Айта кетейік, Алматыда 214 құрылыс компаниясының лицензиясы тоқтатылды.