Елордада жолаушылар автобусы бағанға соғылды: зардап шеккендер бар
АСТАНА. KAZINFORM — Астанада автобус жүргізушісі рөлге ие бола алмай, жол жиегіндегі бағанға соғылды. Оқыс оқиғаның мән-жайын қалалық полиция департаменті анықтап жатыр.

— Республика даңғылы бойында жолаушылар автобусы жол апатына ұшырады. Алдын ала мәлімет бойынша, автобус жүргізушісі маневр жасау кезінде көлікті басқара алмай, бағанаға соғылған. Жол апаты салдарынан зардап шеккендер бар. Зардап шеккен жандарға жедел медициналық көмек көрсетіліп жатыр, — делінген хабарламада.
Аталған факті бойынша дереу қылмыстық іс қозғалды. Жан-жақты тексеру жүргізіліп, барлық мән-жай анықталып жатыр.
Өз кезегінде қалалық денсаулық сақтау басқармасынан зардап шеккен жандардың жағдайы туралы ақпарат біраздан соң хабарлайтыны ескертілді.
Еске салсақ, бұл бірінші жайт емес, сәуірде Астанада автобус бағанаға соғылып, жолаушылар жарақат алған еді.
Таяуда елордада көлік басқарып келе жатқан жүргізуші кенеттен қайтыс болғаны туралы жазған едік.
Сондай-ақ Астанада серуен жолы опырылып түсіп, бойжеткен зардап шекті.