Елордада жүргізуші «Дублин» тұрғын үй кешенін сүруге кедергі жасады

None
АСТАНА. ҚазАқпарат – Бүгін желіде елордада заңсыз салынған «Дублин» тұрғын үй кешенін сүруге барған мамандарға құрылыс компаниясының қызметкері кедергі келтіргені жайлы видео тарады. Осыған байланысты Астана қалалық әділет департаменті басшысының орынбасары Азамат Бердібеков түсінік берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Астана қаласының мамандандырылған ауданаралық экономикалық соты 4 сәуірде «Stroy Group-2021» ЖСШ-ге қатысты шешім шығарды. Оған сәйкес, серіктестік өз қаражаты есебінен Астана қаласындағы Ш.Айтматов және Ж.Молдағалиев көшелері қиылысында заңсыз салынған үйді сүруге міндеттелді. Сот орындаушылар бұл істі бақылауға алды және «Stroy Group-2021» ЖСШ-ге үйді сүру қажет екенін ескертіп, хабарлама жолдады. Дегенмен оған жауап ала алмады. Серіктестік ешқандай шара қабылдамаған соң, үйді сүру жұмыстары әкімдікке жүктелді. Жоғарыда аталған сот үкімін орындау аясында бүгін мамандар «Дублин» тұрғын үй кешенін сүруге келді», - деп түсіндірді Азамат Бердібеков.

Оның айтуынша, сүру жұмыстарына жұмылдырылған адамдар мен техникаға кедергі жасаған компания қызметкеріне құқық қорғау органдары шара қабылдаған.

«Әлеуметтік желілерден көргеніңіздей, құрылыс алаңында ауыр жүк техникасының жүргізушісі сот үкімін орындауға кедергі жасады. Бұл әрекетке қатысты құқық қорғау органдары тиісті әкімшілік шара қабылдады. Ол адам полиция басқармасына жеткізілді», - деп мәлім етті ол.

Азамат Бердібеков қандай жағдай болса да, сот үкімі міндетті түрде орындалуы тиіс екенін атап өтті.

Яғни, тек «Дублин» ТК ғана емес, сонымен бірге аталған компанияға тиесілі заңсыз салынған «Вашингтон» тұрғын үй кешені де сүріледі.

«Сот үкімі міндетті түрде орындалуы керек. Оны талқылауға хақымыз жоқ. Сондықтан үй міндетті түрде сүріледі», - деп түйіндеді департамент басшысының орынбасары.


Соңғы жаңалықтар
telegram