Елордада жыл сайынғы Ломоносов оқулары өтеді

None
None
АСТАНА. ҚазАқпарат - 15 сәуірде М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының ғимаратында «Ломоносов - 2016» халықаралық конференциясының салтанатты ашылуы өтеді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің баспасөз қызметі.

Студенттер, магистранттар және жас ғалымдардың «Ломоносов-2016» ХІІ конференциясы Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалының 15 жылдығына орайластырылып отыр.

Конференция еуразиялық кеңістікте халықаралық және университеттер арасындағы байланысты нығайтуға ықпал ететін ғылым мен мәдениет саласындағы маңызды шара болып табылады. Қазіргі кезде Қазақстан, Ресей және Беларусь мемлекеттерінен 400-ден астам адам оқуларға қатысуға өтінім берген.

«Ғылыми конференцияның негізгі мақсаты - студенттер, магистранттар және жас ғалымдардың шығармашылық белсенділігін арттыру, жаңа заман ғылымының өзекті мәселелерін шешу жолдарын іздестіру ісіне жас ғалымдарды жұмылдыру, Қазақстан мен Ресей студенттері арасындағы ғылыми байланысты нығайту», - дейді М.В. Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің Қазақстандағы филиалы директорының орынбасары, профессор Нұрсұлу Шәймерденова.

«Ломоносов-2016» конференциясына Қазақстан, Ресей және т.б. елдерден келген 35 жасқа дейінгі студенттер мен жас ғалымдар қатысады. Авторлар тіркелген баяндамаларын бес секция бойынша ұсынады: «Математикалық модельдеу және ақпараттық технологиялар», «Қазіргі заманғы даму кезеңінде тұрақты және тиімді экономика қалыптастыру проблемасы», «Қазіргі замандағы тіл мен әдебиет», «Аймақтық экологиялық проблемалар», сонымен қатар «Еуразиялық кеңістік: ықпалдастықтың құндылықтары мен дәстүрлері».

«Ломоносов-2016» XII халықаралық конференциясының қорытындысы келесі күні пленарлық жиналыс барысында шығарылады. Үздік баяндамашылар үшін I, II және III дәрежелі дипломдармен марапатталады. Осы күні халықаралық конференцияның салтанатты жабылуы өтеді.

Соңғы жаңалықтар