Елордадағы «Нұр Әлем» сферасында Әлем АІ Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады
АСТАНА. KAZINFORM — Елордадағы ЭКСПО қалашығындағы «Нұр Әлем» сферасында Әлем АІ Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылады. Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Жаслан Мәдиев айтты.

— Мемлекет басшысының идеясы бойынша ЭКСПО қалашығының маржаны — Сфера-павильоны базасында Әлем АІ Халықаралық жасанды интеллект орталығы пайда болады. Қазіргі уақытта шардың ішін толықтай жаңартып жатырмыз. Экспонаттарды бәрі шығарылып, тақырыптары бойынша музейлерге бөлініп берілді, — деді министр Парламент палаталарының бірлескен отырысынан кейін БАҚ өкілдерінің сауалына орай.
Оның атап өтуінше, сфера-павильон 8 қабаттан тұрады. Оның бірінші қабаты қоғамдық кеңістік болады. Онда AI-музей, AI-кинотеатр, балаларға AI-аймақ, жасанды интеллект саласына арналған ІТ-кеңістік орналасады.
2 және 3-қабатта ІТ-мамандығының 11 бағыты бойынша 12 мен 18 жастағы балаларға білім беретін TUMO Education бағдарламасы қолға алынады.
— 4 және 5 этаж Tomorrow School болады. Бұл — өңірдегі бірінші жасанды интеллект мектебі. 100 орынға шақталған бұл мектепті Astana Hub-та іске қостық. Үш рет іріктеу жүргіздік. Әр іріктеуге 3 500-ден астам өтінім түсті. Яғни, қызығушылық өте үлкен. Бағдарлама 18-ден 24 айға дейін созылады. Бұл бағдарламаның ерекшелігі — оқытушы жоқ, студенттер бір-бірінен үйренеді. Студенттер жасы 18-ден 45 жасқа дейін. Аптасына тәулік бойы ашық болады, тегін. Оны өңірлерде де таратамыз. Қазақстан бойынша 6-7 мектеп ашамыз, — деді Жаслан Мәдиев.
Министрдің айтуынша, 6-қабатта стартаптарға арналған АІ-кампус, ал 7-қабатта R& D-кеңселер мен Big Tech компаниялардың AI-зертханалары болады. Қазірдің өзінде Google компаниясымен алдын ала келісім бар. Олар Google Engineering Training Center ашады. Мұнан бөлек, өзге де ірі компаниялардың кеңселері мен зертханалары орналастырылады.
— 8-қабатта АІ-мемлекет — AI-driven government болады. Онда экономика секторларына жасанды интеллектіні енгізу үшін мемлекет, ғылым және бизнес коллаборациясы жүзеге асырылады, — деді Жаслан Мәдиев.
Бұған дейін елордадағы EXPO қалашығы Цифрлық даму министрлігінің қарамағына өтетінін жазған едік