Елордадан – Екібастұзға: кеншілер шаһарына қоныс аударғандардың өмірі 5 жылда қалай өзгерді
Бір апта ішінде киім-кешектерін жинастырып, Астанадан Екібастұзға жол тарту Қазымбаевтар отбасы үшін жөні келіскен шешімнің бірі болды. Мария Леонидовнаның сөзінше, олар елордада саяжайдан шағын үй жалдап тұрған. Өте кедей тұрды деуге келмес, дейтұрғанмен жалақы бәрібір жетпейтін. 2019 жылы көші-қон бағдарламасына қатысуға бел буды. Сол уақытта кеншілер қаласына 1300-ден астам адам аттанған. Үлкен қаладан жырақ жерде өмір сүрудің қандай артықшылықтары бары туралы Kazinform тілшісі анықтап көрді.
Мария Қазымбаеваның туған жері Қостанай облысы, ал жолдасы Астанадан 100 шақырым жердегі Петровка ауылынан. Екеуі елордада танысты. Сол жерде шаңырақ көтеріп, жылдар өте төрт бала дүниеге келді. Жұптасқандарына бүгінде 15 жыл өте шығыпты.
Мария Леонидовна Екібастұзға көшер алдында Астанадағы агроқалашық ауданында, саяжай үйін жалдап тұрғандарын есіне алды. Үйдің жағдайы жаман болған жоқ, алайда төлемі де соғұрлым көп еді, отбасының табысы жетпеді. 2018 жылы бес баласы барлар ғана көпбалалы отбасы деп есептелетін, ал ол тұста отбасында төртінші бала жарық дүние есігін ашты. Нәтижесінде баспанаға кезегіне бұл санат бойынша тұра алмады.
- Қоныс аударар алдында балам бір жасқа енді толған, сондықтан жұмыс істемедім. Үйде тапсырыспен аяқ киік тігетінмін. Жолдасым көлік жүргізуші болып еңбек етті. Қолына алатына 120 мың теңге. Біздің отбасында 6 адам болғандықтан жолдасымның еңбекақысы жетпейтін. 2019 жылдың 21 мамыры күні Екібастұзға қоныс аударушылардың екінші легі аттанды, сол кезде менің танысыма бухгалтер келіп, Екібастұзда көпбалалы отбасыларға пәтер берілетінін айтыпты. Танысым менің басымда баспана жоғын білетін, естіген жаңалығын бірден маған жеткізді. Мен құжаттарымды апарып бердім, кейін Павлодар облысынан өкілдер келген кезде тағы бардым. Әңгімелесуден өту кезінде өзім аяқ киім тіге алатынымды, ал күйеуімде электролифтер мамандығы бойынша диплом бары туралы айтты,-дейді
Марияның пікірінше, қоныс аударуға жолдасының дипломы сеп болған. Аталған өңірге білімі бар адамдар қажет еді. Ерлі-зайыптылар бір апта ақылдаса келе, жаңа мекенге көшсе ештеңе жоғалтпайтындарына көздері жетті. Кейін қалап жатсақ елордаға көшіп келеміз деп шешті. Сөйтіп 2019 жылдың 1 маусымында олар Екібастұзға табан тіреді.
Кеншілер қаласында отбасыға аумағы 80 шаршы метр болатын үш бөлмелі пәтер берілді. Қазір балаларының жеке бөлмесі бар. Көпбалалы ананың айтуынша, мұндағы қолайлы жағдайды Астанада тұрған жылдармен салыстыруға келмейді. Пәтер жалдамалы болса да бұрынғы баспанаға беріп келгендей көп сома талап етпейді. Әрі тағы бір артықшылығы – балаларын бірден балабақшаға ресімдеген.
- Астанада тұрғанда кіші ұлымызды туыла сала бірден балабақшаға кезекке қойғанбыз. Ол 6 жасында мектепке барды, алайда балабақшаға бара алмады. Ал Екібастұзға көшіп келгенде бізге біраз уақыттан соң балабақшаға тегін орын ұсынылды. Ең кіші қызымыз мұнда мектепте барды, үлкеніміз институтқа түсті. Астанада балабақша үшін төлеуге мүмкіндік болмады, қала үлкен, кезек те қалың еді. Балақшада бала тез дамитыны рас. Мен балаларымды мектепке мүлде дайындаған жоқпын, олар барлығын балабақшадан үйренді. Қазір өзімнің жеке кәсіпкерлігім бар, биге арналған аяқ киімдер тігемін. Екібастұздың өзінде мұндай аяқ киімдерге тапсырыс жоқ, бірақ Қазақстан бойынша алдыратындар бар. Жуықта біз Астана опера және балет театры үшін тапсырысты аяқтадық,-дейді Мария Леонидовна.
Екібастұзға көшіп келген соң арада үш күн өткенде жолдасы жұмысқа орналасты. Әуелі көлік жүргізуші болса, одан соң еңбекақысы көп деп жылыжайға кетті. Ал қазір «Богатырь-Көмірде» еңбек етіп жүр.
- Екібастұзда көңілге қонбайтыны - қала шағын және ойын-сауық орталықтары санаулы ғана. Бір орынға ғана бара бересің. Астанада ондай орталықтар көп екені рас. Бірақ бұл айтарлықтай мәселе емес. Бірде біздің балабақшада істейтін әлдебір әйел адам жұмыстан шығып кетті. Себебін сұрағанымда: «Астанаға көшіп барғымыз келеді»,-деп жауап қайтарды. Мен: «Ол жақта не бітіресің? Басында баспанаң болмаса, елордада өмір сүру қиын»,-деген едім. Арада біраз уақыт өткенде мен ол кісіні ұшырастырып қалдым. Қызық болғанда менің бастапқыда айтқан сөздерімді қайталады. Елордаға қоныс аударып, расында ол жақта тұрудың ауыр екеніне көз жеткізіпті. Үлкен қалада ипотека алсаң, үнемі соның төлемі үшін жұмыс істеуге туралы келеді әрі қазіргі үйлердің бағасы деген ұшып тұр ғой. Біз алдағы 10 жылда, балаларымыз мектеп бітіргенше ешқайда кетпейміз. Астанада мұндағыдай еңбекақы жоқ,-деп қосты Мария Қазымбаева.
Айымбетовтер отбасы да 2019 жылы елордадан көшіп, Екібастұз қаласында үш бөлмелі пәтерге ие болды. Кәмшат Әмерқұлқызының сөзінше, Астанадағы емханада дәрігер болып істесе де жалақысы 53 мың теңге ғана болыпты.
- Оқуымды тәмамдап, тұрмысқа шыққан соң 2013 жылы жолдасымның жұмысы бойынша Астанаға көшіп барғанбыз. Ол құрылысшы болып еңбек етті. 2013-2019 жылдар аралығында жатақханаларда, бірнеше отбасымен жалдамалы пәтерлерде тұрдық. 2019 жылы көшер алдында менің төрт балам бар еді, әрі барлығы кішкентай болатын. Жатақханада, небәрі 9 шаршы метрлік бөлмеде тұрдық,-деп сол жылдардың қиындығын есіне алды Кәмшат Айымбетова.
Астанада тұрғанда жолдасы түнде жұмыс істеп келіп, күндіз Камшат емханаға шыққанда балаларымен үйде отыратын. Балаларының үлкені 6-да, ал ең кішкентайлары 4 жаста болатын. Ақша жетпегендіктен балалары балабақшаға бармайтын.
- Әріптесім Екібастұзда жалдамалы пәтер береді, жұмысқа орналастырады екен, сол жаққа көшіп барыңдар деп ақыл қосты. Мен Павлодар облысы туралы білмейтінмін, Екібастұздың қайда орналасқанынан да бейхабармын. Біздің өзіміз оңтүстік өңірден, Түркістан облысынан көшіп келгенбіз. Ақыры жолдасымыз екеуіміз ақылдаса келе, осында қоныс аударуды ұйғардық. 2019 жылдың тамызында Екібастұзға келдік,-деп әңгімесін жалғастырды Кәмшат Айымбетова.
Алғашқы кездері жолдасы Екібастұзда тұрақты жұмыс таппады, балаларды қарап, кейде таксиде істеп нәпақа тапты. Қазір жергілікті МАЭС-те еңбек етіп жүр. Кәмшаттың өзі қалалық емханада жұмыс істейді. Көпбалалы ананың ойынша, қаржы жеткіліксіз болса елордаға көшіп барудың қажеті жоқ.
Екібастұз әкімдігінен хабарлағандай, 2019 жылдың мамыр-желтоқсан айлары аралығында кеншілер қаласына 243 отбасы көшіп келген, олардың жартысы көпбалалы шаңырақтар. Нақтырақ айтсақ, 1325 адам, соның ішінде 873 бала тіркелді.
- Барлық отбасыларға жалдамалы баспана берілді. Отбасыларда еңбекке жарамды 443 адам болса, солардың 280-і тұрақты еңбек орындарына орналастырылды. Атап айтқанда, «Богатырь-Көмірге» 2 адам, «Екібастұз МАЭС-1» ЖШС-на 1 адам, «Greenhouse-Kaztomat» ЖШС-на 5 адам, «KBIEnergy» ЖШС-на 5 адам, «Екібастұзжылуэнерго» ЖШС-на 2 адам, «Горэлектросеть» АҚ-на 2 адам, «ҚТЖ» АҚ-на 2 адам, «Энергоуправление» ЖШС-на 1 адам, Халыққа қызмет көрсеу орталығына 1 адам, «Екібастұз қ. әкімдігінің жер қатынастары бөлімі» ММ-не 1 адам, білім саласына 28 адам, денсаулық сақтау саласына 21 адам, кәсіпкерлік қызметке 9 адам, тамақтану ұйымдарына 5 адам, өзге де қызмет көрсету салаларына 195 адам. 2019 жылдың басында 724 бос жұмыс орны жарияланса, соның 280-і білікті мамандардың көшіп келуі есебінен жабылды,-деп хабарлары Екібастұз қалалық әкімдігінен.
Шенеуніктер қоныс аударудан ешкім ұтылған жоқ деп есептейді. Айтпақшы, бес жыл өткен соң отбасылар жалдамалы баспананы заңдастырып алу құқығына ие болады. 2024 жылдың тамыз айынан бастап өтініш беру басталып кетіпті. Бүгінде 10 отбасы пәтерді өз меншіктеріне өткізіп алған.