Елордалық ұстаз жасанды интеллектіні оқыту процесінде сәтті қолданып жүр

АСТАНА. KAZINFORM — «Astana Hub» халықаралық технопаркі edu.astanahub.com онлайн-білім беру платформасын іске қосты. Онда 19 мыңнан астам оқушы бағдарламалау негіздерін меңгеріп, 300 мұғалім жасанды интеллект пен ойын әзірлеу бағыттары бойынша арнайы оқудан өтіп жатыр. Бұл туралы елорда әкімдігінің ресми сайты жазды.

Елордалық ұстаз жасанды интеллектіні оқыту процесінде сәтті қолданып жүр
Фото: Астана қаласының әкімдігі

Жобаға №85 шейх Тамим бен Хамад әл-Тани атындағы мектеп-лицейдің информатика пәні мұғалімі Серікжан Қарсақов та қатысқан. Ол осы бағдарлама арқылы өз әдістемесін әзірлеп, бүгінде бұл жүйе Астананың 9 білім ордасында – №1, 38, 48, 50, 59, 72, 73, 76 және 85 мектептерінде қолданысқа енгізілді.

Елордалық ұстаз жасанды интеллектіні оқыту процесінде сәтті қолданып жүр
Фото: Астана қаласының әкімдігі

– Жасанды интеллект курсы енгізілген сәттен бастап мен оны 10-11-сыныптарда пайдалана бастадым. Балалардың қызығушылығын көріп, ЖИ-ді мұғалімнің көмекшісі ретінде қолдандым. Ол мұғалімнің уақытын үнемдеп, сабағына дайындалуға жәрдемдеседі. Бір сәтте кез келген мәтінді талдап, сабақ жоспарын, презентация немесе қызықты тест құрай алады. Жасанды интеллект сабақтың тиімділігін арттырып, балаларға сайт жасауды, нейрожелілер арқылы талдау жүргізіп, рейтингтер жасауды үйретуге мүмкіндік береді, – деді педагог.

Көрнекілік үшін Серікжан Қарсақов «Оқушылардың жасанды интеллектті пайдалану дағдыларын дамыту» тақырыбында жоғары сынып оқушыларына ашық информатика сабағын өткізді.
Білім басқармасының мәліметінше, цифрлық сауаттылықты арттыру мақсатында 2024-2025 оқу жылында 12 қалалық семинар, ал жаңа оқу маусымында 2 семинар ұйымдастырылған.

Елордалық ұстаз жасанды интеллектіні оқыту процесінде сәтті қолданып жүр
Фото: Астана қаласының әкімдігі

– Astana Hub» технопаркі аясындағы пилоттық жоба бойынша оқудан өткен информатика пәні мұғалімдеріне 10-11-сыныптарда «Жасанды интеллект» пен «Ойын әзірлеу» бағытында факультативтік курстар өткізуге қосымша сағат бөлінді. Бұл курстар оқушылардың заманауи цифрлық дағдыларын дамытып, IT саласындағы кәсіби бағдарын айқындауға бағытталған. 2025-2026 оқу жылынан бастап №8, 9, 84 және 107 мектептерде жасанды интеллект курсын енгізу көзделген. Астана қаласының білім басқармасы ЖИ-ді білім беру процесінде тиімді қолдану бойынша жылдық жоспар әзірледі, — деді басқарманың баспасөз хатшысы Аяжан Амантайқызы.

Айта кетейік, бұған дейін ауыл мұғалімі ағылшын тілін үйретудің тың тәсілін ұсынғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар